Еңбекқор халқымен мақтанатын Шымкент қаласының өзіндік сәулеттілік келбеті қалыптасып келеді. Халық саны миллионнан асқан қаланың демографиялық көрсеткіші де жақсы. Республика бойынша жас отбасылардың басым көпшілігі Шымқала еншісінде.
Қазақ жастары шет елдерде сапалы білім алу арқылы еліміздің дамуына дарындарын салып, ой үлестерін қосып, әлемдегі мықты мемлекеттердің қатарында биіктен көрінуге өз ықпалдарын тигізіп келеді. Әрине, аға буынның көрегендігі мен басшылық жасауының маңызы жоғары.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов та жастармен жиі кездесулер өткізіп тұрады. Жақында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерімен кездесуін өткізді. Кездесу барысында дана тұлғаларымыздың мерейтойлары жайлы айтылып, Шымкент қаласына – «Қайырымды қала» деген баламаны ұсынған еді. Бұл баламаға, ұлықтауларға қолдау білдірген жастар өз пікірлерін ортаға салып, сұрақтарына жауаптар алды. Шаһар басшысы жастарға мардымды жауап бере отырып, 2020 жыл «Волонтер жылы» деп жариялануына байланысты қала жастарының республикалық еріктілер форумын Шымкент қаласында өткізу туралы ұсынын құптап, еріктілер қызметінің маңыздылығына да тоқталып кетті. Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы жоғарыда айтылған ұсыныс пен пікірлерді ескеретінін айтып, жастарға өз кезегінде білімнің соңына түсіп, талмай еңбек етуге ағалық кеңесін берді.
Қазіргі таңда Шымкенттің дарынды жастары өте белсенді деуге болады. Илон Маск секілді «Марста» өмір сүруге жағдай жасаймын деген ғалым шықпаса да, өз саласының майталманадары бар. Жұмыскер, белсенді жастарымыз Шымкент қаласы Жастар мәслихатында бастары бірігіп отыр. Жақында Жастар мәслихатының төрағасы болып Асхат Нұрлыбаев (@askhat_nurlybayev) таңдалды. Сондай-ақ, жас депутаттардың алдағы уақытқа құрған өз жоспарлары да бар. «Жас келсе – іске» деген қазақпыз. Жастардың жұмыстары жемісті болуына тілектеспіз!
Жалпы, Шымкент қаласында 260 мыңнан астам жастар бар. Бұл қала тұрғындарының 30 пайызын құрап отыр екен. Биылғы жылы 5607 студент атанып, мемлекеттік грантпен 2180-і білім алып келеді.
Шымкенттік жастардың баспана мәселесі де шешіліп келеді. Биылғы жылдың соңына дейін 904 жас баспаналы болмақ. Бұл туралы Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев «Жастар жылы» аясында өткен баспасөз брифингінде айтқан еді.
Шымкентте кәмелеттік жасқа толмағандарды тәрбиелеу де үлкендердің басты назарында деуге болады. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдерлік іс-шаралар жиі жүргізілуде. Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы және білім басқармасы мен прокуратура өкілдері осы іс-шараны біріге жүргізіп келеді. Және де мектептерде психолог мамандар жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатында семинарларды жиі өткізіп тұрады.
Жандос Қалтаев «Ашық микрофон» іс-шарасында журналистер мен блогерлерді жинап, «Жастар жылындағы» өзекті мәселелерді талқылап тұрады. «Ашық микрафон» алаңына қаланың аға буындары жиі шақырту алып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісуде. Өз кезегінде ашық әңгімеге келген мемлекеттік қызметтегі аға буынға қала жастары сұрақтарын қойып, таппай жүрген жауаптарын алуда.
Сондай-ақ, жастар істері жөніндегі басқарма қаланың шетіндегі шағын аудандарда ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, «Мобильді топ» құрып үлгерген. Арнайы топ 4 бағытта жұмыс жүргізуде: талантты жастарды қолдай отырып, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру арқылы, психологиялық көмек және аутрич, NEET жастармен жұмыс бағыттарын жүргізбек.
Шымкент қаласы әкімінің жастар кеңесі, Шымкент қаласы Жастар конгресі мен «Келешек» жастар кеңесі сынды дара ұйымдар бар. Жастарымыз осы ұйымдарға мүше болып, өз жұмыстарын белсенді жасап келеді.
Өнерлі жастарымызға да қалада қолдау көрсетілуде. Жақында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында жас қолөнерші Кенжалы Бинураның «Өнерін өміріне өрнек еткен» атты шеберлік сағаты өткізілді. Бұдан бұрын да Шымкенттік көптеген жас қолөнерінің сағаты жүргізілген.
Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылы «Жастар жылы» болып Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен ресми түрде бастау алған еді. Міне, бір жыл өте шықты. Нұр-Сұлтан қаласында дарынды жастарға арналған үлкен форумды жоғарғы деңгейде өткізіп алдық. Елі мен Елбасысы сенім артқан жастар осы форумда сөз сөйлеп, өздерінің сәтті жүзеге асқан тың жобаларымен таныстырды.
Тәуелсіздік тұғырымызды кеше ғана алған елдердің қатарында экономикалық аяқ алысымыз жаман емес. Көп ел қызыға да қарап отыр. Оның ішінде жастарымыздың жетістіктері қуантарлық. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқының жағдайын жақсартуға жұмсаған күш-жігерін, қазіргі бар игі мүмкіндіктерді бүгінгі және кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Жастарына сенім артқан Елбасымыз бен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды қазақ жастарына қолдауын тоқтатпайды. Сенімді жастар арқалаған елдің жарқын болашағына үлкен үмітпен қарап келеміз!
Асылбек Түйетаев