Құрметті Рашид Абатұлы немесе Абатоллаұлы!
Кешелі бері сіздің мүгедектер қоларбасымен жүргеніңіз әлеуметтік желіде хит болып тұр. Мойындау керек, дегенде, қай жерде қалай көрініп қалуды бір кісідей меңгергенсіз ғой. Жұрт не десе о десін, керемет пиар болды. Өзіме ұнады. Әсіресе, қоларбаны «сәбездің» қатардағы бір қызметкеріне итертпей, идеолог орынбасарыңыз — Мұрат Базарқұловқа итерткеніңіз өтті. Өткендегі ауқат фестивалінде ішкен-жегенді осындай қимыл-қозғалыспен шығарып тастау керек қой.
Сізді сынайтындар көреалмағандықтан сынайды. Сіздің сұмдық әріден ойлайтындығыңызға осы «қоларба проектісінен» кейін анық көзім жетті. Шетел көрмеген біреу болмаса, ауыл қазағының қауашағындағы миына сыймайтын идея ғой мынау. Жаңа айттым ғой, сізді сынағандар көреалмағандықтан сынайды. Ал менде сізге деген ешқандай да көреалмастық жоқ, қайта тілектестік бар. Рашид Абатұлына немесе Абатоллаұлына дұрыс болса екен деймін ғой баяғы.
Негізі, айтпақ болғаным, сіз мына қоларбаға отырмай тұрып, кезінде Шымкенттегі өздеріңіз бастап кеткен «жаңа автобус жобасына» өзіңіз нүкте қойып кетуіңіз керек еді. Жұмысшы табы бір ашуланбасын, олар бір ашуланса қаланың әкімін былай қойып, мемлекеттің өзін тығырыққа тіреп қоятынын тарихтан жақсы білесіз. Шымкентте кешегі наразылығын білдіріп жүрген автобус жүргізушілері бұл жобаны әу баста сіздердің бастағандықтарыңыздан бейхабар. Егер осы жобаның басында сіздің де тұрғаныңызды біліп қойса… айтқан жерден аулақ, олар сізді шынымен-ақ қоларбаға отырғызып кетуі әбден мүмкін деп ойламайсыз ба? Сондықтан, Шымкенттік жүргізушілердің алдына басқа емес, сіз шығуыңыз керек деп ойлаймын. Сосын, Түркістанға әкім боласыз ба, Түркіменстанға президент боласыз ба, мархабат. Әлде, тілін салақтатып)), колясканы Мұрат Базарқұловқа итертіп, Түркістанның көшесінде ағызып кетіп бара жатасыз ба, оны да өзіңіз білесіз. Бірақ, мына жақты бітіріп кетсеңізші. Бір идея тауып, ақша шығаруды екінің бірі істей алады. Ал, идеяны аяғына дейін шығару нағыз азаматтың азаматының ғана қолынан келеді. Біз сізді сол нағыз азамат деп ойлаймыз. Ал, шопырларға бұл идеяның авторы сіздер екендіктеріңізді айтпаймыз.
Дәурен Абдрамановтың «Фейсбук» парақшасынан алынды