Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласының 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеті бойынша Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері деңгейінде толық шешімін таппаған мәселені Үкімет басшысы Асқар Маминге жеткізді, деп хабарлайды oninfo.kz.
ҚР Тұнғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы жарлығына жария түрде қол қою рәсімінде Шымкент Орталық Азиядағы қуатты экономикалық орталыққа, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдайлар жасалған ірі, тартымды мегаполиске айналуы және қаланы дамытудың жаңа стратегиясы бұл өңірде өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық орталықты қалыптастыруға негіз болуы тиіс — деп нақты тапсырма берген болатын.
«Тапсырмаға сәйкес қазіргі уақытта 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетке жобалық-сметалық құжаттамалары дайын жалпы 95,7 млрд.теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Оның ішінде: 2020 жылға – 70,1 млрд.теңге; 2021 жылға – 17,7 млрд.теңге; 2022 жылға — 7,9 млрд.теңге. Бұл қаржылардың басым бөлігін азаматтардың әлсіз топтарына жатқызылған отбасылар үшін салынатын тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымы және әлеуметтік нысандармен қамтуға бағыттау жоспарланған. Алайда, жоспарлы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасында қолдау тапқаны 14,2 млрд.теңге ғана. Оның ішінде энергетика және газбен жабдықтауға қажетті 36,0 млрд.теңгенің 1,39 млрд.теңгесі ғана қолдау тапқан. Қазіргі уақытта қалада екі газ тарату станциясы 180 мың текше метр қуаттылығымен жұмыс жасауда, ал нақты қажеттілік 250 мың текше метрді құрайды. Жоспарланған үшінші газ тарату станциясына қажетті қаржы бөлініп, құрылысы шұғыл түрде аяқталмаса, бірқатар әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлерді газбен жабдықтау мүмкіндігі болмайды», — делінген сауалда.
Мәселен, қаржының өте аз көлемде қаралуы салдарынан Шымкенттегі 39 елді мекен тұрғындары сапалы электр жарығыменен қамтамасыз етілмейді. Сонымен қатар, 2020-2022 жылға арналған Республикалық бюджет жобасында қаладағы тұрғын үй құрылысы және оның инженерлік инфрақұрылымына, ауыз су және кәріз жүйелері, тұрғындарды жылумен жабдықтауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты ұсынылған 57,9 млрд.теңге бюджеттік өтінімнің 9,6 млрд.теңгесі, оның ішінде: 2020 жылға 3,7 млрд. теңгесі ғана қаралған. Білім беру, мәдениет және спорт салалары бойынша, оның ішінде: шағын аудандарда қажетті мектептердің құрылысына 6,7 млрд.тенге және бұқаралық спортпен айналысушылар санын арттыру үшін, нысандар құрылысын салуға жоспарлы жылға ұсынылған 1,1 млрд.теңгеге өтінім қолдау таппай бюджет жобасына енбеген.
«Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала деңгейіне лайықты дәрежеде болуына, қала тұрғындарына қолайлы әлеуметтік жағдай жасауына тікелей қатысты бюджеттік жобаларды жүзеге асыру мақсатында бюджеттік өтінімдерді қайта қарап, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қосымша қаржы қарастыру қажет деп санаймын» , — делінген сауалда.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Ұзақбайұлы сенатор Нұрлан Құдиярұлы көтерген мәселенің маңыздылығын ескеріп, төмендегіні хабарлады.
Білім беру объектілеріне қатысты Үкіметтің 2019 жылғы 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында Тұңғыш Президент – Елбасының берген тапсырмасын орындау үшін мектептердің үш ауысымдылығы мен апаттық жағдайларын төмендетуді қамтамасыз ету үшін мектептердің құрылысы мен оларды жөндеуге байланысты қаржыландыру функцияларын өңірлер деңгейіне беру мәселесі пысықталуда. Осыған байланысты жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде Шымкент қаласының жергілікті бюджет шығыстарының базасында 19 395,9 млн. теңге (оның ішінде: 2020 ж. – 6 157,4 млн. теңге; 2021 ж. – 6 483,1 млн. теңге; 2022 ж. – 6 755,4 млн. теңге) қаражат көзделген.
Тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қатысты 2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің шығыстары шеңберінде Шымкент қаласының тұрғын үй құрылысын дамытуға 2020 жылға 8 089,5 млн. теңге, оның ішінде: 2 229,5 млн. теңге халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін: тұрғын-үй құрылысына – 1 072,5 млн. теңге; тұрғын-үй сатып алуға – 1 157 млн. теңге. — 3 700 млн. теңге аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін: тұрғын-үй құрылысына – 1 612,8 млн. теңге; тұрғын-үй сатып алуға – 2 087,2 млн. теңге. — 2 160 млн. теңге жұмыс істейтін жастар үшін коммуналдық тұрғын-үй қорынан тұрғын-үй сатып алуға көзделген. Сондай-ақ бірқатар сала бойынша қаржы шығыстары көзделгені айтылды.
«Шымкент қаласының шет аймақтарына қатысты Шымкент қаласының шет аймақтарын дамытуға жыл сайын 5 млрд. теңгеден 15 млрд. теңге сомасында шығыстар көзделген. Жалпы алғанда заң жобасында шығыстар жобалардың басымдылығына қарай көзделгендігін атап өтеміз. Осыған байланысты қосымша қаражат бөлу мәселесін республикалық бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жағдайында немесе оны тиісті жылдарға қалыптастыру кезінде жоспарлы тәртіппен қарауды орынды деп санаймыз» , — деліген Үкімет басшысының жауабында.