Әлі есімде, өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдарының бас кезі-тін. Сегіз жылдық мектептің 5-6 сыныбында оқимын. Біздің ауылға Шыңғыс Айтматовтың «Тау мен дала хикаялары» атты қалың кітабын біреу алып келіпті.
Оны оқығандардың аузында Данияр мен Жәмиланың хикаялары жырдай болып айтылып жатты. Екі адамның басы қосылса әңгіме осы тақырыпта өрбитін. Қолдан-қолға тимей бүкіл ауыл оқыған сол кітаптың кезегі күндердің күнінде біздің үйге де жетті.
– Елдің бәрі мақтап жатқан соң мына кітапты қоярда-қоймай саған ала келдім. Балам мынаны оқып шық, – деп әкем сап-салмақты қоңыр кітапты менің қолыма ұстатты. Әуелі авторына көзім түсті. Алтын әріппен «Шыңғыс Айтматов» деп жазылыпты. Астында «Тау мен дала хикаялары» деген кітаптың аты тұр. Алғашқы бетін парақтасам қырғызшадан аударылғанын көзім шалды. Повестер мен әңгімелер жинағы екен. Әуелі «Алғашқы мұғалімді» оқып шықтым. Келесі күні сол екпінмен «Жәмила» повесін оқуға кірістім. Повестің оқыс шешімі, сұлу суреттері, кейіпкерлердің ішкі жан тебіренісі кітапты оқып отырған мені де сиқырлы әлеміне тартып әкеткендей болды. Жеңгесіне тілеулес болған Жәмиланың қайнысындай менің де жүрегім сыздады, терең ойларға баттым. Шығарманың әсерінен көпке дейін арыла алмай қиялдап жүрдім. Шыңғыс Айтматов шығармаларымен алғашқы таныстығым осылай нәзік, қимас сезіммен басталып, ол әсер-сезім ұлы жазушының шығармашылық құдіретіне деген үлкен қызығушылыққа, көркем әдебиетке сүйіспеншілікке ұласқан еді. Сонан кейін мен оның бүкіл шығармаларын шөліркеп оқып, онымен сүйсіне сусындайтын болдым.
Шыңғыс Айтматов өз Жәмиласымен, өз ұстазы Дүйшенмен, шырайлы Шынарымен, Танабай, Толғанай, Әсел, Сұлтанмұрат, Іңкәмал апай тағы басқа да ондаған кейіпкерлерімен тек мені ғана емес бүкіл адам баласының жүрегін жаулап алып, «Адамзаттың Айтматовына» айналды. Ал осындай ұлы жанды бір көрудің өзі үлкен арман болатын.
Кейіннен Қазақ университетінің филология факультетіне оқуға түстік. Даңқты жазушының үлкен ұлы Санжармен қатар оқыдық.
Бүгінде Шықаң (Айтматов) бүкіл әлем мойындаған мәшһүр жазушы. Оның қаламынан туған шығармалар жер жүзінің 190-нан астам тіліне аударылып, ол дүниенің ең көп таралған жазушысы санатына көтерілді. Қазақ, қырғыз, өзбек, орысты айтпағанда америка, ағылшын, неміс, француз, қытай, жапон, үнді, корей т.б. халықтардың «Дәуірдің ұлы қаламгері» деген ылайықты бағасына ие болды. Кезінде ұлы Мұхаң (Мұхтар Әуезов): «Шыңғыс Айтматовқа тең келетін жазушы Қырғызстан мен Қазақстан түгіл, Орта Азияда, тіпті Кеңес Одағында жоқ», – деп суреткер шығармашылығына өте жоғары баға берген еді.
Қазіргі кезде қазақ әдебиетінің дос-жанашырлары – қырғыздың көрнекті әдебиеттанушы ғалымы, сол елдің Тіл және әдебиет институтының директоры, халықаралық Айтматов академиясының президенті, Қырғызстан мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, Ұлттық академия академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдылдажан Амантұрұлы Ахматалиев, шоң зерделі әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Іскендер Шоңмұрынұлы Исамединов (Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры) бастаған Айтматов шығармашылығын арнайы зерттеген шыңғыстанушы, Шыңғысты танытушы ғалымдардың үлкен ғылыми мектебі қалыптасты.
Шықаң Алматыға жиі келіп тұратын. Ол кісі қазақ жазушыларымен жақсы араласты. 1980 жылдардың басында болуы керек, ұлтымыздың қайраткер ақыны Мұхтар Шаханов басқаратын «Жалын» журналында болған әсерлі кездесуде ұлы суреткерге сәті түсіп оңашада сәлем бердім, қолын алдым. Сонда ұлы адамдардың өте қарапайым, аса кішіпейіл болатынын байқадым. Ол кісі менің қолымды ұстап тұрып, атымды сұрады. Айттым. Сосын:
– Осы мен сені қайдан көрдім? – деді бұрын көрген жүзтаныс адамындай. Болмаса мен ол кісімен бетпе-бет кездескен емеспін.
– Теледидардан көрген шығарсыз аға, – деп жауап бердім.
– Сонда жұмыс істейсің бе? – деді тағы да жақын тартып.
– Жоқ, аға… Мәскеу, Алматы, Фрунзе (қазіргі Бішкек) теледидарларынан сіздің сөйлегендеріңізді, сұхбаттарыңызды үнемі үзбей көріп отырамын. Сонда сіз телеэкраннан қарап отырғансыз ғой. Сонда мені көрген шығарсыз…
– Е-е, солай де, – деді жымиып атақты қаламгер.
Ұлы суреткер адамды бұрыннан білетін ескі танысындай өзіне жақын тартып, жайбарақат сөйлеседі екен. Байқаймын, баяғы көп жылғы журналистік тәжірибесінен қалған әдет болса керек, сөйлескен адамын тыңдауға, оны білуге, ол жөнінде мәлімет алуға бейім секілді. Бұл менің де данышпан адамның алдында өзімді еркін сезінуіме ықпал етіп, өз ойымды жүйелеп, тартынбай айтуыма мүмкіндік берді.
Сосын барып мен өзімнің ғылыми қызметкер, әдіскер-әдебиетші екенімді айтып, жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің әдебиет пәні оқу бағдарламаларына ол кісінің шығармалары енгізілгенін, оларды оқытудың әдістемелері жасалып жатқанын, оған өзімнің де қатысып жүргенімді хабардар еттім. Ол кісімен бірге суретке түстік. Қырғызша шыққан үш томдық шығармалар жинағын қолтаңба жазып сыйлады. Ризашылық сезімін білдіріп, жақсы тілектер айтты, жұмысымызға жаңа табыстар тіледі.
Ұлылық деген осы… Арада біраз жылдар өтті.
… 1999 жылғы мамырдың соңы болатын. Туысқан қырғыз халқының біртуар ұлы, заманының заңғар жазушысы, аса ірі қоғам қайраткері, Қырғызстанның және Қазақстанның халық жазушысы, Қырғыз Республикасының Халық Батыры, Социалистік Еңбек Ері, Лениндік, КСРО, Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік, Джавахарлал Неру атындағы, «Этрурия» халықаралық сыйлықтарының иегері, Еуропалық ғылым, өнер және әдебиет, Бүкіләлемдік ғылым және өнер, Қырғызстан Ұлттық ғылым академияларының академигі Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың жетпіс жасқа толуына байланысты мерейтойлық шаралар Бішкек қаласында екі күн бойы дүркіреп өтіп жатты. Ш.Айтматов шығармашылығының насихатшысы, қазақ орта мектептерінде оны оқыту мәселесіне аз-кем үлес қосып жүрген зерттеуші ретінде біз де шақырылып, аталған мерекеге қатыстық.
Даңқты жазушының тойына қатысушыларға арналған көрменің ашылу салтанатында құттықтаулар айтылып, қаламгерге сый-сияпат білдірілді, ізет-құрмет көрсетілді.
Қарт қаламгер Әділ Якубов бастаған өзбекстандық делегация Ұлттық кітапханадағы басқосуда той қонақтарына келіп қосылды да сөз сұрады. Ол өз сөзінде кешігіңкіреп келгеніне кешірім сұрай отырып, Өзбекстанда тұратын өзбек, қазақ, қырғыз халықтарының атынан қатысып отырғанына, олардың Ұлттық мәдени орталықтары өкілдерінің әрқайсысы өздерінің ұйымдары атынан ізгі тілектерін білдіретініне тоқталды. Сонан мерейтой иесіне бұрылып:
– Қадірлі қаламдас досым Шыңғыс! Сенің даңқыңның бүкіл жер жүзіне таралғанына, барлық жерде сенің есіміңді құрметтейтініне бүгін тағы да көзім жетіп, өзім соның және бір рет куәсі болдым… Жаңа айттым ғой, біздің делегация керуені таңертең бірнеше көлікпен Ташкенттен шықтық. Қазіргі уақыт баяғыдай – Кеңес дәуіріндегідей емес. Әрқайсымыз дербес мемлекетпіз. Шекараларымыз да айқындалып бөлінген. Өзбекстаннан Қазақстан арқылы осы Бішкекке жеткенше жолда 30 шақты үлкенді-кішілі кеден, жол полициясы бекеті бар екен. Өзің білесің, біздің әрқайсымыздың көлігімізде саған арналған кәде-сый, тарту-таралғыларымыз бар. Әр бекетте тоқтап, оларға алып келе жатқан заттарымызды көрсете берсек, кеденшілер мен МАИ қызметкерлерінен саған не қалатынын болжау қиын (жұрт ду күлді)… Содан Қазақстан шекарасына келгенімізде кеденшілер мен шекарашылар бізді тексеруден өткізу үшін тоқтатты. Мен кеден басшысына жолығып, біздің көліктердің сенің 70 жылдық тойыңа бара жатқан делегация керуені екенін айттым. Ол жақсы жігіт екен:
– Аға, сіздерге барлық жердегі бекеттеріміздің қақпасы ашық. Мен қазір бәріне тапсырма беремін. Еш алаңсыз тарта беріңіздер. Жолдарыңыз болсын, сәт сапар! – деп қолымды қысты. Шындығында да жолшыбай бізді ешкім тексерген жоқ, тіпті тоқтатқан да жоқ. Сенің атыңның халық арасында кеңінен тарап, қалың ел өзіңді қатты қадірлейтінін, халықтың саған деген шынайы сүйіспеншілігін, ыстық ықыласын сонда білдім…
Жұрт ду қол шапалақтап құрмет көрсетіп, бір серпіліп қалды. Шыңғыс Айтматов сәл жымиды да Әділге қарап, «Сен оны айтасың, Әділ, бізде мынадай бір жағдай болды» деп жауап әңгімесін бастап кетті.
– Бірде біз де көлікпен Тәшкеннен шықтық. Орта Азия халықтарының мәдениеттері ассамблеясының жиналысынан келе жатырмыз. Жанымда Мұхтар (Шаханов) бар. Шымкенттен өттік, Жамбылдан да (қазіргі Тараз қаласы) астық. Екеуміз әңгіме қызығына түсіп кетсек керек. Луговойға жақындап қалыппыз. Құлан ауылына кіре берісте біз келе жатқан үлкен жолдың бойында көлденең екі «Икарус» автобусы тұр. Жол жабық. «Бірдеңе болған шығар» деп аң-таңбыз. Әйтеуір, жай емес. Бір кезде МАИ мәшинесі соңымыздан қатарласа келіп тоқтады да ішінен инспектор шықты. Көлік жүргізуші түсіп, онымен сөйлесті де қайта келді. Сөйтсек, біз Мұхтар екеуміз әңгімемен отырғанда жүргізушіміз үлкен жылдамдықпен келе жатып, Жамбылдан өте бергенде МАИ қызметкерінің тоқтатқанын байқамаса керек. Сонан инспектор алдағы Құлан ауылына жақын жердегі бекетке рациямен бізді – «тәртіп бұзушыларды» тоқтату туралы тапсырма беріпті. Құландық қырағылар бізді ұстау үшін алдымызға жаңағы екі автобусты көлденең қойып, тосқауыл жасапты. Сонан әлгілердің Жамбылдан бері қарай соңымыздан қуып келе жатқан беті екен. Қатарласа тоқтаған сол қуғыншылар болды. Олардың біреуі біздің жүргізушіден мәшине ішіндегі жолаушылардың кімдер екенін білген соң, бізге келіп мен отырған тұстың есігін ашып:
– Кешіріңіз, Шыңғыс аға, біз сізден қолтаңба алайық деп қуып келе жатыр едік деді. Әрине, мен мұндайда шын ниетіммен қолтаңба қойып беремін. Сөйтіп, МАИ инспекторына қолтаңба бергенім бар, – деп ризалықпен күлді. Жиналған халық та мәз болысты.
Той қонақтары емен-жарқын араласып, қуанышқа ортақтасып жатты. Сонау қасиетті Түркістан жерінен арқаланып қаламгер, әдебиетші-ғалым, профессор Құлбек Ергөбек те келді. Өзбектің көрнекті ақыны, Еңбек Ері Абдулла Арипов, тәжік елінің әйгілі ақын қызы Гүлрухсор Сафиева жырларын шабыттана оқыды. Үзіліс арасында Шыңғыс ағаның өтініші бойынша қазақтың ғалым қызы, филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Қыраубаева домбырамен қырғыздың халық әні «Раймалының жырын», «Бегімайдың әнін» тамылжыта орындады. Жазушы дән риза болып, алғысын жаудырды.
Ертеңіне, 27 мамыр күні, мерейтой бағдарламасы бойынша Қырғыз Ұлттық бейнелеу өнері мұражайындағы жазушының дүбірлі мерекесіне арналған Республикалық көктемгі кітап көрмесі, ат спорты түрлерінен «Көкбөрі» атты сан алуан ойындар жарысы ұйымдастырылды. Көкпар шауып, бәйге берілді. Сол күні түс қайта сағат екіде мерейтойдың қорытындысы ретінде Абдылас Малдыбаев атындағы академиялық опера және балет театрында салтанатты мәжіліс басталды.
Театрдың үлкен залы жер жүзінің әр түкпірінен тойға келген ресми делегация өкілдеріне, қырғыз және көршілес елдерден, ТМД мемлекеттерінен шақырылған қонақтарға лық толды. Сахна төрінде мерейтой иесі Ш.Айтматов Мәриям жеңгемізбен және салтанатты кешті жүргізуші Мемлекеттік мерейтойлық комиссияның төрағасы, Қырғыз Республикасының сол кездегі премьер-министрі Амангелді Мұралиев отырды. Сол тұстағы ел Президенті Асқар Ақаев бастаған Үкімет, Парламент мүшелері, республика басшылары залдың ортасына жайғасыпты.
Президент Асқар Ақаев той иесінің өмірі мен шығармашылығына арнап терең мазмұнды баяндама жасады. Елбасының сөзі жақсы шықты. Кезек қонақтарға берілді. Алыс-жақын шетелдерден тойға келген әлемнің әйгілі қаламгерлері, атышулы өнер қайраткерлері, делегация басшылары мерейтой иесінің атына, қырғыз халқына арнап құттықтау тілектер айтып жатты. Көршілес қазақ, өзбек елдерінің Президенттері Н.Назарбаевтың, И.Каримовтың т.б. құттықтау телеграммалары оқылды.
Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрі, атақты әнші Полат Бұлбұлоғлы, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы сол тұстағы елшісі Мұхтар Шаханов, қырғыздың халық жазушысы Сүйінбай Ералиев, қырғыздың ел әртісі Сәбира Күмүшәлиева т.т. с.с. әдебиет, өнер, ғылым, мәдениет қайраткерлері құттықтау сөздерін айтты.
Қазақстан делегациясын еліміздің сол кездегі Мемлекеттік хатшысы, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев басқарып барған еді. Ол кісі ұлы суреткерді «Отан» орденімен марапаттау туралы Қазақстан Президентінің Жарлығын оқып, награданы жазушының омырауына тақты. Жамбыл облысының арғымағын қаламгерге сол кездегі Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев, облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған қазақ делегациясының өкілдері мінгізді. Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы жазушының 70 жылдығы тойланып өткені де тілге тиек етілді.
Құттықтаулар қыза бастаған шақта қырғыз Президентінен кейінгі қатарға кешеуілдеп келіп отырған қалмақтың атақты ақыны, Социалистік Еңбек Ері Дәуіт Кугультинов сахнаға көтерілді. Жасы сексеннің сеңгірінен асса да ақсақал әлі тың екен. Зор денелі, кең маңдайлы, шашы жөңкілген ақша бұлттай дудырап тұр.
Шыңғыс Төреқұлұлы орнынан тұрып, әйгілі шайырмен құшақтасып көрісті. Той иесімен жылы, амандық сұрасып болған соң, залға зер сала шолып барып қарт ақын: – Қымбатты Шыңғыс! Құрметті Асқар Ақайұлы! Менің жасым сексеннен асты, – деп бастады сөзін аса бір байсалды дауыспен. – Соған қарамай осы салтанатты тойға міндетті түрде қатысуды өзім ойлап жүрдім. Өйткені, біз Шыңғыспен жас айырмашылығымыздың біраз алшақтығына қарамай доспыз. Қайсын (Кулиев) марқұм арамызда жоқ. Біз сонау 1950 жылдардың орта шенінде Мәскеуде М.Горький атындағы Бүкілодақтық әдебиет институтында бірге оқыдық. Ол кезде біздің жасырақ кезіміз. Мен Отан соғысынан кейін келіп оқуға түстім. Бір бөлмеде жаттық… Бұлар жастар… Жаңа сөйлеген сөздерді, құттықтауларды, бәрін мұқият тыңдадым. Бірақ, залда отырғанда, кәрілік келді ме, қайдам, Шыңғысты дұрыстап тани алмадым. Көзім жетпеді. Ол ма, ол емес пе?.. Оны көрмегеніме көп болды. Өйткені, жиі кездесіп тұратын бұрынғы Одақ та жоқ. Тарап кеткен. Онан кейінгі уақытта ол дипломатиялық қызметте шетелде жүрді. Сондықтан оны көрмегелі біраз жылдар болған еді. Сахнада анадайдан Шыңғыс маған өзгеріп кеткен секілді көрінді. Иығында жалт-жұлт еткен сары-ала түсті генерал погоны. Келбет-кескініне қарасам – Шыңғыс. Киімі әскери киім сияқты болды. «Мүмкін дипломаттарға осындай ресми қызметтік киім берілген шығар» деп те ойлап қойдым. Әйтеуір «Қызмет кейде адамды қатты өзгертеді ғой. Кім біледі?» деп отырдым. Сонан маған сөз берілген соң, сахнаға шығып келе жатқанымда мені көріп Шыңғыс орнынан тұрғанда жаңағы погондар жоқ болып кетті. Сөйтсем, генерал погоны шығар дегенім оның екі иығында жарқырап көрініп тұрған креслосының жиегі екен. Қателесіппін… Шыңғыс – сол баяғы Шыңғыс қалпы екен. Мен қуанып кеттім. Шынында да қатты қуандым. Бұдан мен асыл адамның ешқашан айнымайтынын көрдім. Өйткені, Шыңғыс сол баяғы мен көрген қалыптан, қазіргі осы өздеріңіз көріп отырған қалпынан еш уақытта өзгермейтініне мен сенемін…
…Зал ду қол шапалақтады. Өзі жиі айтатындай, ақылман қаламгер орнынан тұрып қос қолын көкірегіне қойып ілтипат білдірді. Зал одан сайын үдете қол соқты.
Сол күні кешкісін «Ала аршадағы» мемлекеттік резиденцияда той қонақтарының құрметіне салтанатты қонақасы берілді. Онда да асабалық міндетті премьер-министр Амангелді Мұралиев атқарды. Президент Асқар Ақаев риза болғаны, әсерленіп шабыттанғаны соншалық, қонақасы барысында үш рет орнынан тұрып, сөз сөйледі.
Қонақтарға арнап жайылған дастархандар әдеттегінше нөмірмен белгіленбей, қаламгер шығармалары кейіпкерлерінің атымен аталыпты. Әр столға «Жәмила», «Танабай», «Дүйсен», «Алтынай», «Данияр» т.б. кейіпкерлердің аттары жазылыпты. Біз «Толғанай» апамыздың дастарханында отырдық. Қасымызда ұлы суреткердің туған інісі Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ылғыз Төреқұлұлы Айтматов, қарындасы Роза Төреқұлқызы Айтматова, қазақтың көрнекті әдебиетші ғалымдары, академиктер Зәки Ахметұлы, Рымғали Нұрғали бірге дастархандас болды.
Алматыға аттанатын күні ұлы жазушы өзінің мерейлі датаға байланысты арнайы жарық көрген шығармаларының қырғыз тіліндегі бес томдық толық жинағын қолтаңба жазып, бәрімізге тарту етті. Бұл менің өмірімдегі ертегідегідей ең әсерлі кездесулер еді. Ал, әйгілі қаламгердің мемлекеттік деңгейде ресми аталып өткен соңғы тойы осы болғанын ол өмірден озған соң ғана сезіндік. Осыдан біраз жыл бұрын Жарылқап Қалыбайдың «Жұлдыздар отбасы» журналы «Аңыз адам» сериясымен ұлт мақтанышы Ш.Айтматовтың өмірі мен шығармашылығына тұтас бір нөмірін арнады. Шындығында да Ш.Айтматов – Аңыз адамға айналған ұлы тұлға болатын.
Бақтияр Сманов, ҰҒА және алықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі
Мәлімет көзі: https://jasqazaq.kz/2019/11/19/ajtmatov-alemi/