Бүгін Жетісай ауданы Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтбаев елді мекенінде «МЕДЕТ СҮТ» ЖШС өз жұмысын бастады. Аталмыш цех 1 тәулікте 30 тоннаға дейін сүтті өңдей алады. Қазіргі таңда бұл цех күніне 3-5 тонна аралығында сүтті өңдеп одан ірімшік, қаймақ, айран, сыр, сияқты 20 түрлі өнім өндірілуде. Цех басшысы Ғалым Олжабаевтың айтуы бойынша алдағы уақытта өнім көлемін арттырып 25 ке дейін жеткізу жоспарымызда бар дейді. Қазіргі таңда аталмыш сүт өнімдері ішкі нарықты толықтай қамтуда.
Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев «Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде еңбек өнімділігі мен тауар экспорттауға үлкен мән беру керек деген болатын. Біз қазіргі таңда осы айтылған ұсыныстар бойынша жұмыс жасау керекпіз. Өндіріс көлемін ұлғайтып сапалы өнім шығаруды күн тәртібінен түсірмей экспортқа шығу жағында есте шығармайық» деді
Жиырмаға тарта жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Медет Сүт» ЖШС бүгінде өз қаржысымен ашылғанымен, алдағы уақытта өндірістік қуаттылығын арттыру үшін қосымша қаржыландыруды қажет етеді. Бұл мақсатта тиісті жұмыстар жүргізіліп, аталмыш кәсіпорын қаржы ұйымдарына құжаттар тапсырған. Қайта өңдеуге қажетті сүтпен қамтамасыз ету мақсатында тауарлы сүт фермасын екінші кезеңмен 2020 жылы құрылысын жүргізіп, іске қосуды жоспарлап отыр
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Қуаныш Әуелбеков