Көп адамнан досы туралы немесе дос қандай болуы керектігін сұрадым. Бәрінің жауабы бір: адал, силап жүретін, өтірік айтпайтын. Қысқасы кемшіліксіз болуы керек. Сонда бұл қасиеттер досыңда болмаса ше? Кілт етсе өтірікші, екі жүзді, өз-өзіңді қорғай алмайтын адам, досын қалай қорғайдыға көшіп кетеміз. Онда менің досым жоқ. Мен де біреуге шын дос бола алмадым. Шіркін, сол кісілер өзінің бойынан осы бір мінсіздікті көріп жүр ма? Көрмесе жөн немесе қиын жағдай. «Өзінің мінезінен мін таппаған адам – адам емес, ез» деген бар. Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз :
«Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше!» – демеді ме?!
Үш жігіт сырласып отырып, біреуі тұрып кетуге қорқатын жағдайға жеттік. Қалған екеуі мені жамандап қоя ма деген ниетпен. Еркек атауы сұмдық өсекші болып алғанбыз. Осы күнге дейін талай адамды көріп жүрмін, соның бірі өзім. Қай бауырым болсын қате кетсе екен, менің алдымда төмен тұрса, өтірігін ашып алсам, яки болмаса әр «тесігіне» бір жерімді жыртып күлсем екен деген ой кетпейді. Кім сол арам ойын жеңе алады – сол адам сыйлы, сырлас дос бола алады деген ойға келдім. Сенің ойыңдағы болмай қалса ренжіп, бұлқан-талқан болуға дайын тұрдық. Түсіністікпен қарау, ауызбіршілікті жоғалтпау, бір-бірі үшін жанын беруге дайын тұруды ұмытып кеткендейміз. Бәріне топырақ шашудан да аулақпын.
Дінімізде айтады: Мүміндердің жақсы қасиеттерінің бірі – адамдармен дос болып, жақсы-қарым қатынаста болуы. Алла Елшісі (с.ғ.с.) достық туралы мақтанышпен айтатын. Сахл ибн Саад (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Мүмін достықты қабылдап, өзі басқалармен келісімде болады. Басқалармен достаса алмайтындар және басқалар онымен достаса алмайтын адамдарда қайыр болмайды» (Ахмад, Байхаки, әл-Баззар).
Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай айтқан: «Егер, кімде-кім бауырын Алла разылығы үшін жақсы көрсе, оған айтсын, өйткені бұл сезім достықты сақтап, сенімділігін нығайтады» (Ибн Әбу ад-Дунйя).
Бір-біріңді Алла разылығы үшін жақсы көріңдер және оны бір біріңе айтыңдар деп тұр. Біз бір — бірімізді қалай жақсы көруді, бір-бірімізге қандай қарым-қатынаста болуды ұмытып бара жатқандаймыз.
Ал, қазақ не дейді, Абай не дейді? Бір-екі
мысал келтірейін:
Абай – ірі гуманист ақын. Сондықтан ол адам адамды сүйе білуі керек деген
идеяны берік ұстады. Ол жалпы адам баласының достығын жыр етті. Абайдың көп
өлеңдерінде адам баласы біріне-бірі жаулық емес, достық іздесін деген пікір
өзек болып тартылып жатады. Абай атамыздың «Жігіттер, ойын — арзан, күлкі —
қымбат» деген өлеңінде:
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату боп шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз.
Абайдың түсінігінше, ең қызық өмір – татулық, достық. Күн сайын жаулықтың отына май тамызып тұтатушы қоғамның жуан ортасында отырса да, Абай өле-өлгенше достықты жырлаумен болды.
«Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан – бәрі тұл
Доссыз ауыз тұшымас», — деді.
Бұл өлең – ұлы ақынның достықты жыр еткен барлық өлеңдерінің кілті.
****
Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең: дүниеде жүргенде туысың, өсуің, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, барар жерің бәрі бірдей… Біріңе-бірің қонақ, қонақ соры екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің…
****
Жаман дос – көлеңке секілді, басыңды күн шалса – қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса – іздеп таба алмайсың.
Қазақ айтады: «Ортаңды өзгерт, немесе ортаң сені өзгертеді». Ойланатын жағдай, бауырлар. Бір жігіт келіп: «Адам болайық, мынауың дұрыс емес, жақсы жақа ұмтылайық» деп жатса, әзілдің астына алып, мәз болып күлуге асығамыз. Өзіңнен де кемшілік көріп, өзімізге де бір қарап алайық. Ертесіне ол жігітті көреміз ба, көрмейміз ба, бір Құдай біледі. Құдайын ұмытқандарды қайтсін былай айтқанда! Дұрыс дос таңдауды емес, дұрыс дос болуды үйренейік жігіттер! Менің де қатемді кешіріңдер, достарым. Аман болайық, бар болайық.
Дәулет Маханбеттегі