Елімізге танымал «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов ағамыз өзінің жақында берген сұхбатында: «… Қайрат Нұртасты пәленбай ақшаға шақырған адам ақымақ» деп, кесіп айтқан еді. Көп ұзамай жұлдызды әнішінің анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова да журналистерге сұхбат беріп, ағамыздың неге ренжулі екенін түсіндіруге тырысып көрді. Осы оқиғада «хит» әндерге бай Қайрат Нұртастың әншілік мансабына балта шабылып кеткендей.
2019 жылдың желтоқсан айында «Шаншар» әзіл-сықақ театры 25 жылдығын тойлады. «Шаншарлықтар» атаулы мерекелік күнді жоғары деңгейде атап өтті. 25 жылдық концертке «Алдараспан», «Шымкент шоу», «Мұзарт», Жігіттер тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Заттыбек, Еркін Нұржанов т.б. халыққа танымал көптеген жұлдыздар қатысты. «Шаншардан» кезінде шырылдап шығып, елге танымал өнер жұлдыздарына айналғандар өз өнерлерін, жеткен жетістіктерін тағы бір көрсетіп кетті.
Енді Уәлибек Әбдірайымов ағамыз бен Қайрат Нұртастың арасында болған оқиғаға оралсақ… Негізі бұл ұрыс-керіс, «ерегіс», сонау «ЭКСПО» кезінде басталған. Уәкең Астанада өтетін «Шымкент күні» атты іс-шараны ұйымдастырып жүреді. Сол кезде Қайрат Нұртасты шақырады. Бүкіл шымкенттік жұлдыздар (тегін) келетіндерін айтып, уәделерінде тұрып, әндерін айтып, өнерлерін көрсетіп кетеді. Ал, Қайрат аз уақыт қалғанда келе алмайтын болып (афишада суреті бар), бір жақын кісілердің қуанышына тапсырыс алып (ақша ғой), сол күні тойға баратын болып шығады. Уәкең ашуланып, қоя салады. Ертесіне «ЭКСПО»-ның концертінде Қайрат ән айтып жүр. Уәкең сұрамай ма анасынан: «… Бармаса болмайтын тойы бар деп едіңіз ғой? Жәйша жүрсіңдер ма?» деп. Гүлзира: «Біз сізге бола келдік, аға. Тойдың егелеріне түсіндіріп айттық» деп, алдай салады. Гүлзираны Уәкең көндіре алмаған еді. «Бір кісілер көндірген болып тұр ғой» деген ойға келеді Уәлибек Әбдірайымов.
«Шаншар» әзіл-сықақ театырының 25 жылдық мерейтойына бала кезінде өнерін көрсеткен әншілерді шақыра бастайды. Арасында Қайрат Нұртас та бар. Алты ай бұрын әншінің әкесіне хабарласып, айтып қояды. «Әрине, келеді» деп, ол жақ Уәкеңді риза етеді. Афишаға Қайраттың суреті ілінеді. «Шаншардың» концерті жақын қалғанда тағы да сол өткен әңгімені естиді. Бұл жолы Уәкең қатты ашуланса да Қайраттың отбасына барып, сабырлықпен тірліктерінің дұрыс болмағандығын айтып кетеді.
Кейіннен Қайраттың анасы баласын және өзін ақтап шығуға сұхбат та беріп көрді. Абыройды емес, ақшаны ойлап кеткені продюсер-ананың сөзінен байқалып тұрды. Жіберген қателігін мойындамай, керісінше Уәлибек ағамыздың қателігі дегенге келтірді. «Заманы бұзылса, әйелі билейді» дегендей, әкелерінің сөзінде салмақ болмай тұр. «Уәде – Құдайдың сөзі» деген де бар.
Жылдың соңында Қазақстандық телеарналар өздерінің жаңа жылдық мерекелік концерттерін өткізіп тұрады. «Қазақстан» мен «Хабар» арнасының жаңа жылдық түсірілімінен көрінген жұлдыздардың арасынан биыл Қайрат Нұртастың жүзі де, көлеңкесі де көрінбеді. Бұлай болған емес. Үлкен концерттердің бел ортасында жүретін жұлдыздардың бірі еді. Мүмкін денсаулығына байланысты қатыса алмаған болар. Тек, «Хабар» арнасының «Қызық таймс» бағдарламасында Айқын Төлепберген ән айтқан кезде, сөзінің авторы ретінде Қ.Нұртас деген жазу шықты.
Сондай-ақ, Қайрат Нұртас өзінің инстаграм парақшасында мыңдаған постарын өшіріп тастапты. Тек үш қана фотосын қалдырған екен. Төрт баланың әкесі, жас әншілердің қатарындағы Қайратқа кешегі концерттерден шеттетілу ауыр тиіп жатқандай.
Кешегі концерттердің бағдарламасында Қайрат Нұртастың болмауы Уәлибек ағамыздың қазақ шоу-бизнесіндегі салмағын, абыройын көрсеткендей. «Шындықтың шырқы бұзылмас, өтіріктің өрмегі жиылмас» деген де осы болар.
Мүмкін, еліміздің шоу-бизнесінде жүрген аға-әпкелердің де Қайраттың отбасына ызасы бар ма? Көпішілік шындықты айтқан «Шаншардың» директорын қолдап отырғандай.
Мүмкін, біз білмейтін жағдайлар да бар болар …