Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғаны белгілі. Биыл қонақжай қаламыз туризм орталығына айналғалы отыр. Жан-жақтан келген қонақтарды алып барар орындар да жетерлік. Солардың бірі ретінде биыл құрылғанына 40 жыл болған Шымкент зообағын айтуға болады.
Шымкент зоологиялық бағы 1979-1981 жылдары қазақтың көрнекті ұлы Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың жеке бастамасымен әрі тікелей басшылығымен құрылған. Алғашқы жылдары зообақта 350 бас 75 хайуанат түрі ғана болған.
Мұнда 2013 жылы қайта құру жұмыстары жүргізіліп, «Африка» аумағы, әкімшілік ғимараты және «Тау» экспозициясы ел игілігіне берілді.
Зообақтың жалпы ауданы – 30 гектар. Оның ішінде экспозициялар 19 гектар жерге орналастырылған. Мұндағы жануарлардың 40 түрі Қызыл кітапқа енген екен. Зообақта тұяқтылар, жыртқыштар, приматтар, құстар, балықтар, бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділерді тамашалауға болады.
Қазіргі таңда зообақ қызметкерлері сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейтіп отыр. Жануарлардың түрі 200-ден, саны 2000-нан асқан. Мұнда жылына 500 мың халық келіп кетеді деген дерек те бар.
Жақында Шымкент зообағы мысықтектес лемурмен де толықты. Оның лақап аты — «Джулиан». Жануар бейнесі көпшілікке «Мадагаскар» мультсериалынан жақсы таныс.