Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтті. Оған аудан, қалалардағы аумақтық партия филиалдары төрағасының бірінші орынбасарлары бейнебайланыс режимінде қатысты. Мәжілісте Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенім. Диалог.Болашаққа нық қадам – партияның 7 серпіні» бағдарламасына сәйкес партия жұмысын жандандыру, елдің мүддесін қорғайтын бастамаларды жүзеге асыру және өзге де мәселелер сөз болды. Партия филиалының барлық бөлімдері мен аумақтық филиалдарының 2019 жылда атқарған жұмыстары қортындыланып, жаңа міндеттер жүктелді.
Бейсенбай Дәулетұлы партиялық кадрлық резервке үміткерлермен жұмысты күшейту, балалардың құқықтарын қорғау бойынша республикалық жұмыс тобы анықтаған кемшіліктерді жою, қоғаммен байланысты нығайту, ақпараттық-идеологиялық жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді. Тұрғындардың талап-тілегіне уақтыны үн қатып, көмектесу керектігіне тоқталды. Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жүйелеп, ірілендіру міндетін жүктеді. Қазіргі таңда облыста 257 бастауыш партия ұйымы бар.
«2019 жылы Түркістан облысы бойынша партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне «Documentolog» ақпараттық жүйесіне 9002 арыз-шағым тіркелді. Оның 4415-і, яғни, 49%-ы оңтайлы шешіліп, 4587-іне заң аясында кеңес берілді. Тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын зерделей келе әлеуметтік көмек, баспана, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыссыздық және денсаулық сақтау бойынша проблема көп екені анықталды. Алдағы уақытта осы салалар бойынша жауапты басшылармен қабылдауды жиі өткізген жөн. Депутаттар мен басшылар, аудан, қала әкімдерінің тұрғындарды кестеге сәйкес қабылдауы назарда болуы тиіс», – деген Б.Тәжібаев облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасын жүзеге асыруға партия да белсенді атсалысатынын айтты. Облыс басшысы, партия филиалы төрағасы тарапынан тиісті тапсырма жүктелгенін де атап өтті. Осыған сәйкес, елді мекендердегі тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларды анықтап, оларға көмек көрсетуде партия филиалдарына белсенді жұмысқа көшуді тапсырды.
Сонымен бірге селекторлық мәжілісте партия құрамына белсенді азаматтарды тарту және партиядан қол үзген тұрғындарды партия қатарынан шығару ісін жандандыру керектігін де атап өтті. Бүгінде Түркістан облысында жетекші партияның 85 мыңнан астам мүшесі бар.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз қызметі