ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың назарына!
ҚР Бас Прокуроры Ғизат Нұрдаулетовтың назарына!
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің назарына!
Түркістан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Хаким Қошқалиевтың назарына!
Басшысымақтар көпбалалы кәсіпкер анаға әлімжетік көрсетуін тоқатар емес
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан (ІІІ «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономикаға» қатысты айтқан үшінші тармақшасында): «… Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. …» деген. Сарапшылар өз пікірлерінде қателесіп тұрған жоқ екен. Бұл Түркістан облысының кәсіпкерлері күнде көріп жүрген жағдай. Жылы креслоға жайғасып алғандар мен «крышасы» барлар ғана кәсібін дұрыс жүргізе алатын деңгейге жеткен. Қалған кәсіпкерлер өлместің күнін кешіп жүруге мәжбүр. Әділетсіздік пен ұятсыздыққа, заңсыздыққа ұшыраған өңірміздегі бір кәсіпкердің нақты мәселесіне көшсек.
Түркістан облысындағы «Capital Assessment Group» ЖШС бағалау компаниясының құрылтайшысы Юлдашева Гульвира – «RicON» («Оңтүстік» АИО») мен оның қарамағындағы «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-ріне он жыл бойы сапалы жұмыс көрсетіп келеді. Төрт баланың анасына тиесілі бағалау компания мен жоғарыдағы екі мекемеде басшылық қызметте болған барлық төрағалар және директорлар тату-тәтті, заң шеңберінде сыйласып, жұмыс жасап жүрген. Ары қарай Г.Юлдашева былай дейді: « … Осы басшылар келген күннен бастап («Ырыс» МҚҰ» қазіргі директоры Данияр Арынғазин, орынбасары Ерлан Ержанов («өз еркімен» жақында жұмысынан кеткен), несие бөлімінің басшысы Мұхит Мыңбаев («өз еркімен» жұмыстан кетуге дайын жүр екен), 2017 жылы үшеуі, біздің қызметтерден бағалау жұмыстарын ары қарай да жалғастыра беруіміз үшін қомақты ақша сұрады. Біз ол ақшаны бере алмаймыз деген соң, бізбен жұмыс істеуін тоқтатты. Бүгінгі күнге дейін күттік. Бірде-бір бағалау жұмыстарын берген жоқ. 2017 жылдан бастап өз адамдарын жұмысқа қабылдап, өз тобын құра бастады. «Sweest apriser» бағалау компаниясы 2019 жылы атын «QazOcenka» (тиісті бағалау лицензиясы жоқ) деп өзгертіп, барлық бағалау жұмыстарын жүргізе бастады. Ал ҚР-ның заңдарында клиенттер бағалау компанияны өздері таңдай алады және оның ешбір мекеме қабылдамауға құқығы жоқ делінген. «RicON» мен «Ырыс» басшыларына заңсыз жұмыс жасап жатқандықтарын ескертсек те, сөзіме құлақ асар емес. …» дейді, әділетсіздікке ашынған кәсіпкер. Ұятсыздық, заңсыздық пен «қолыңнан келсе, қонышыңнан бастың» көкесі туралы Г.Юлдашева өз арызында ары қарай айтады:
«… 2019 жылы «RicON» ЖШС-не төраға болып Нармұхан Сарыбаев келді және «Ырысқа» үшінші орынбасар болып (жаңа штат ашылады) А.Нурлыбаев тағайындалады («RicON»-ге екі орынбасар келеді – Нуртаев Айбек пен Темірхан Сүлейменов (жаңа штат)). Осы басшыларға мән-жайды түсіндірдім. Олар оң шешімін шығарамыз деп бізді ауызша қолдағанымен, артынша бұл кісілер де жоғарыдағы жағдайды қайталауда. Яғни, жаңа басшылық енді өзінің «Премиум-Оценка» атты бағалау компаниясына («RICON» мен «Ырыстағы») жұмыстарын беріп отыр. («QazOcenka»-ның «тынысы» көпке созылмай тарылып қалады.) Мекеме менеджерлерінің айтуынша «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-нің директорының орынбасары Нурлыбаев А.М. шұғыл жиналыс жасап, «Премиум-Оценка» «RicON» мен «Ырстықтарға» осы бағалау компаниямен ғана жұмыс істейсіңдер деп талап қоюда. Біздің алдын ала жасаған бағалау есептерімізді қабылдамай, клиенттерге телефон соғып, өз бағалау компанияларына қайта жасатуды талап етіп отыр. …»
Кәсіпкердің құқығына түкірген басшылық-ай. «Дәніккеннен құныққан жаман» дейді бабаларымыз. Түк көрмеген дейін десек, Нармұхан Сарыбаев қазіргі қызметіне дейін Нұр-Сұлтан қаласында лауазымды қызметтер атқарған. Мемлекеттің миллиардтаған ақшаларын айналдыратын «Аграрлық несие корпорациясында» АҚ-ның Төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі болған. Түркістанға келіп, көпбалалы кәсіпкер ананың жүз мың теңгесіне жармасатындай не көрінді екен? Мүмкін, Түркістандағы төрағалық қызметінде миллионға жақын алатын жалақысы аздық етуде ма? Әлде, орынбасарлары шаш ал десе, бас алып жүрген болар. Жеп жүрген нанынан айырылған кәсіпкер Г.Юлдашева ары қарай былай дейді:
«… Біз шағын кәсіпкерлік мекемеміз. Мемлекет басшымыз өз Жолдауларында шағын кәсіпкерлікті қолдаймыз деп айтып келеді. Алайда, «RicON» мен «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-нің басшылары шағын кәсібімізге қолдарынан келгенше жұмыс жасауына кері әсерін тигізіп, өз қалталарына түсетін қаражатқа қызмет етуде.
2018-2019 жылдары көктемгі егінге бөлінген (миллиардтар) қаражат бойынша біздің бағалау есебін «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-гі қабылдамай, басшылар ашқан өз бағалау компанияларына есептеткен болатын. Алайда, ол компанияның егін шаруашылығы жерлеріне бағалау жасауға рұқсат етілген лицензиясы жоқ. Бұл жерде «Ырыс» мекемесі мен бағалау компаниясы заң бұзушылыққа жол беріп отыр. Мемлекеттің қаражатын талан-таражға салуды тоқтататын ешкім жоқ. …»
Шындығына келгенде, бұл оқиғада жалпы Түркістан облысында кәсіпкерлердің құқықтары қалай тапталып жатқанын көрсетіп тұрғандай. Рас. Аяқтан шалу болмағанда Юлдашева осы күндері орта кәсіпкерге айналып та қалар ма еді. Оңтүстікте барлық салада бәсекелестік мықты. Бұл жағдайда бәсекелестік емес, басынушылық, қызмет бабын асыра пайдалану орын алып отыр. Халықпен тығыз байланысты мекемелерге басшылыққа келген ағаларымыз осындай заңсыз әрекеттерге бара берсе, кәсіпкерлік елімізде қалай дамиды? Германия мемлекетінің экономикасын 80 пайызын орта және шағын кәсіпкерлік ұстап тұр екен. Қазіргі жағдайда бізге бұл түс секілді көрінеді.
«… «RicON» мен «Ырыс» ЖШС-і беретін мемлекеттік ақшаны кәсіпкерлерге 10 пайыздық «сыйақысыз» бермейді. Оған дәлел де бар. Өзімізден және таныстарымыздан тиісті сыйақыны сұрап, берген соң аударамыз деген. Қажет болған жағдайда басшылар мен бөлім басшыларының алған ақшаларын дәлелдеп бере аламыз. Қарапайым халықтан пара алып, несие берулерін қоймай, басшылары өз жанұя мүшелері мен туыстары атынан көптеген несиелер алып тастаған», — дейді, кәсіпкер Г.Юлдашова бізге жазған арызында. Әділетсіздіктен зардап шеккен кәсіпкер бұл мекемедегі былықтың бес пайызын ғана ашып отырған секілді. «RicON» мен «Ырыс» ЖШС-де қысқа уақыт қызмет жасаған маған сенсеңіздер болады. Сырты бүтін, іші түтін болып жатқан бұл ұйымдарды білікті де, біліксіз басшылар батпаққа батырып, қазіргілері де халықтың ақшасы арқылы оңай байып кетудің жолын іздеумен ғана бас қатырып жүр деуге болады. Екі мекеменің былықтарын жазуға он томдық бет аздық етпек.
Кадрлық трайбализмге ұшыраған қоғамды емдеу өте күрделі жұмыс. Нармұхан Сарыбаев «RicON» ЖШС-ге төраға болып келгелі кадрлық біраз ауыс-түйістер жасады. Келе салып мекемедегі барлық қызметкерлерге қысқарту қағаздарын ұстатты. Өзіне «тиімді» қызметкерлерге орын дайындаудың заңды жолдарының бірін жасаған түрі ғой. Бұл басшыға ғана «тиімді» кадрлық саясат туралы БАҚ беттерінде жүздеген мақалалар жазылып, Президенттеріміз айта-айта шаршады деуге болады. Міне, Сарыбаевтың да «тиімді» кадрлық саясаты көп ұзамай әшкере болуда. Қаржылық жағынан терең, шықпайтын шұңқырдың ішінде жатқан «RicON» мекемесіне («Ырыста» да сол) үш орынбасардың керегі шамалы еді. «Айдағаның бес ешкі, ысқырығын жер жарады» болып тұр. Жастар жылының соңында мекемеден жалған қысқартумен кеткен жастардың үміті келер жылдан шырт үзілді. Н.Сарыбаев келе салып, өз орынбасарлары үшін қызметтік «құрбандыққа» қатардағы қызметкерлерді шалды. Арасында кеше ғана отбасын құрған жастар да жұмыссыз қалды. Ұйқысын қандырып, түсте келетін өзі мен орынбасарлары оңай жалақы алмайды да екен. Ұят, ар бар ма, Сарыбаевта?
Арыз бойынша Г.Юлдашеваны ертіп, мән-жайды анықтауға «Оңтсүтік» АИО» ЖШС—нің мекемесінен шындықты іздеп те көрдік. Н.Сарыбаев орнында жоқ болып шықты. Орынбасары Айбек Нұртаевқа жолығып, ол кісі арыз бойынша Г.Юлдашеваны тыңдап көрді. Кейіннен арыздағы жағдайды анықтауға екі апта уақыт сұрады. (Анықтауға ары кетсе екі күн сұраса болады ғой.) «Айтжан Нурлыбаевты да қазір әңгімеге шақырсаңыз бола ма?» деп, үш рет айтқан сұрағымды жауапсыз қалды. Іштей, «неге шақыра алмай отыр екен?» деп, ойланып қалдым. Бір ғимаратта жүрген Данияр Арынғазинді шақыртып, мәселені анықтауға тырысып көрсе де болар еді. Кеше ғана келген Айекеміз алаңсыз кейіп танытқандай көрінді. Мақала жарық көргеннен соң, тезірік қимылдап та көрер енді.
Жұмысынан кеткен Ерлан Ержанов «QazOcenka» бағалау компаниясы арқылы 2018 жылығы көктемгі егіске «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-ге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан бөлінген 1 млрд. теңгеден астам бағалау жұмыстарын жүргізген көрінеді. «QazOcenka» бағалау компаниясы көктемдік егіндер былай тұрсын, банктерге жұмыстарын заң аясында ұсына алмайды екен. Бұндай заңсыздыққа барған басшылардың ойында не болғаны түсінікіз.
«Оңтүстік» АИО» («RicON») мекемесі жылдық қорытындысын ricon.kz сайттарында жариялаған екен. Есепте «Оңтүстік» АИО» ЖШС 2019 жылы – 33 жобаға 1,5 млрд. теңге қаржы бөлген. Орташа есеппен әр жобаға 45 млн. теңгенің қаржысы берілген. Енді мына қызықты қараңыз, сол 33 жобаның арқасында 33 адам ғана жұмыспен қамтылған екен. 45 млн. теңгенің жобасымен мемлекеттік ақшасына бір адамның ғана жұмыспен қамтамтылуы күлкілі сияқты. Қаржыландырған жобаларының жартысы жұмыс жасаса мейлі ғой.
Елімізде кәсіпкерлер несиемен алған ақшаларды қайтара алмай отыр? Елбасымыздың соңғы жиналыстардың бірінде осыны білгісі келегені бар. «Кәсіпкерлер мен шаруалардың жағдайын көтеруге берілген қаржылардың басым көпшілігі құмға сіңген су секілді жоқ болуда. Бір-екі ай жұмыс жасайды да, бизнес банкротқа ұшырайды. Не масқара?» деп, қадап айтқан болатын. Бұл мәселенің тамыры тереңде жатқан сияқты…
Сондай-ақ, есепте көктемгі егінге бөлінген 654 млн. теңге және 124 млн теңгесі мал шаруашылығына бөлінгенін айтыпсыздар. Менің білуімше, көктемгі егінге несие алған шаруалар сол жылдың аяғында (желтоқсан айының 21-не дейін) алған ақшасын мекемеге толық қайтару керек. Қысқасы, сіздерден несие алған кәсіпкерлердің қаншасы қаржыны қайтарып отырғыны жайлы мәліметті көрсетпей кеткенсіздер. Әлде, айтуға болмайтын ақпараттарға жата ма? «Судың да сұрауы бар». «Оңтүстік» АИО» ЖШС-нің «ғажап» есептері жайлы келесі мақалмызда ашық айтып көреміз.
Түркістан облысы «Кәсіпкерлік және иднустриялды-инновациялық даму басқармасы» ММ-не – «RicOn» мен «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-гі тікелей бағынады. Осы мекеменің басқарама басшысы Иса Құдабеков те жоғарыдағы мекеме басшыларының қысымына ұшыраған көпбалалы кәсіпкер ананың мәселесіне назар аударғаны дұрыс. «Сен тимесең, мен тиме» болып отыра бермей.
Гульвира Юлдашева 20-25 жас аралығындағы бес азаматқа жұмыс беріп, жалақыларын уақытылы төлеп жүрген кәсіпкерлердің бірі болатын. Қазір бір ғана көмекшісімен қалған. Өз қалтасынан жалақыларын бір жылдай беріп көрген Юлдашеваның қаржысы мен шыдамы бүгін бітіп отыр. Осы уақытқа дейін басшылардың сөзіне сеніп, үмітпен келген. Көпбалалы кәсіпкер ананың сыбағасынан айырып отырған басшысымақтарды төрт баласының обалы да жібере қоймас. Әрине, мекедемгі менеджерлер басшылардың тапсырмасымен бір ауыздан Юлдашеваны жаманатты қылуы мүмкін. Қарға қарғаның көзін шұқи қоймас.
Еліміздегі сыбайлас-жемқорлық даму жолымызда үлкен қолбайлау болып тұр. Басшылықтың тек өзінің, туысқанының қалтасын ойлауы үлкен індетке айналды. Жемқорлықты індет деуге негіз бар. Қазіргі біздің өмір сүріп жатқан қоғамда осы індет ақшалы жерде жұмыс істейтін немесе қолында билігі бар азаматтардың әдетіне айналып, бойларына сіңіп, ақырында күліп шығуда. Ақшаның құрбанына айналып, абақтыға айдалып жатқанын лауазымды тұлғаларды БАҚ арқылы жиі естіп те, көріп те жүрміз.
Жоғарыдағы заң бұзушылықты тоқтатуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының және ҚР Бас Прокуроры Ғизат Нұрдаулетовтың тікелей араласуын сұраймыз. Және де Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлының да осы оқиғаны өз назарына алуға шақырамыз.
Жемқорлықтың ашкөздік пен қанағатсыздықтың элементтерінен тұратыны белгілі болса, өз заманында Аристотель Ескендір Зұлқарнайға адамның көзі тек өлгенде ғана топыраққа тоятынын ащы мысалмен-ақ айтып кеткен. Оқығаны көп болса да, сәл биліктің ұшын ұстағандар мен үлкенді-кішілі қызметі бар азаматтарға бұл мысалдардың өзі аздық етуде. Қазақстанда сыбайлас-жемқорлықпен күресу бағытында тың бастамалар көтеріліп, небір сабақ боларлық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» деген арнайы заңдар да қабылданды. Жоғарыдағы айтқан азаматтарымызға ескертулер аздық етуде. Басымызға сабақ болып тимегенше, тағдырымызды сынап көре беретін құмарпаз пендеміз ғой. «Тақ пен табыттың иесі болмайды» дегенді де ұмытып кетіп жатамыз.
Кәсіпкер Г.Юлдашеваға қолдарынан келген барлық ұятсыздық пен бассыздықты жасаған екі мекеменің басшыларын тоқтатын күш табылмай тұрған жоқ. Көзге түспей-ақ жүрген секілді. Д.Арынғазин мен Е.Ержанов Юлдашеваның он жыл жасаған жұмысынан кемшілік іздеп те көрген. Әрекеттерінен түк те шықпаған екен. Қатардағы қарапайым қызметкерлерін де жарға сүйреп жүрген басшыларға қой дейтін қожасы табылмай тұрғандай. Әлде, Сарыбаев пен Арынғазин, Ержановтар «крышамыздан» су өтпейді деп жүр ме? «Мың асқанға бір тосқан» болатынын білмейтін секілді…
Асылбек Түйетаев