Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетімен күресуге Қазақстанның толық мүмкіндігі барын мәлімдеді.
«Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек. Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматы өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетер деп сенемін», — деді Президент Қазақстан халқына үндеуінде.
Мемлекет басшысы осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек екенін еске салды.
«Дерттің алғашқы белгісі байқалғанда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет. Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады. Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Елбасының сарабдал саясатының арқасында бұған қажетті қорымыз қалыптасты. Қаражат бар. Осы орайда азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді. Біз ел жұртты дүрліктіріп, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады», — деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, ҚР Президентінің Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді.