Шымкент қаласының әкім Мұрат Әйтенов Мемлекет Басшысының Қазақстанда төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлығынан туындаған міндеттердің орындалуын бақылау мақсатында «Алаш» пен «Жібек жолы» базарларын аралап шықты.
Ондағы санитарлық тазалық пен баға тұрақтылығын қарап шыққан шаһар басшысы базардағы азық-түлік қоры жеткілікті екеніне көз жеткізді. Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы жүйелі жұмыс істеу үшін тиісті мамандарға нақты тапсырмаларды жүктеді.
Сондай-ақ, халық арасында медициналық маска мен қолға арналған антисептиктерге сұраныс жоғары. Сондықтан Шымкенттегі антисептик өнімдерін шығаратын кәсіпорын жұмыс қуаттылығын арттырған.
Қала тұрғындарының сұранысын қамту мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов «Асем» ЖШС-нің жұмысымен арнайы барып танысты.
«Ордабасы» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын күніне 4 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығаруда. Ондағы 30-дан астам жұмысшы үш ауысымда жұмыс істеуде.
Кәсіпорын жұмысымен таныстыру барысында мекеме басшысы Мұхит Асанов нарықта сұраныс туындап жатса, өндіріс қуаттылығын арттыруға дайын екенін жеткізді.