Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуіне еліміздің әр түкпірінен өз кәсібін адалынан дөңгелеткен азаматтар мен жасы бар, жасамысы бар, әрбірі өздерінше үн қосып жатыр. Маңыздысы, Елбасының бүгінгі күрделі ахуал кездегі халыққа жасаған үндеуі бірімізді де бей-жай қалдырмады. Әрбірімізді рухтандыратын ұтымды да, ұғымды шешім екеніне көз жеткіздік. Біз де өз тарапымыздан үндеудің әрбір сөйлемін барынша жүзеге асыруда атсалысамыз. «Елім, жерім» дейтін осы елдің әрбір азаматы осындай жауапкершілігі орасан сәтте өзінің қоғам, жалпы мемлекет алдындағы мендігін көрсетуі үшін қолдан келген еш жақсылығын аямай, «көп түкірсе — көл» қағидатын алға тарту арқылы аталған індетке қарсы тұрғанда ғана жеңіске жететінімізді жеткізгім келеді.
Сондай-ақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтау кезінде: «Біз біртұтас халықпыз және елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз», — деді. Еліміздің алдында тұрған осы бір сынақтан елдігіміз бен тұтастықтың арқасында еңсемізді тік ұстай, сүрінбей өтетінімізге сенім мол. Сондықтан, ауызбіршілігімізді танытып, бір-бірімізге қолдауымызды аямайық, құрметті отандастар!
Икрам Кашимжанов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты