Тұлымшағы желбіреген бала күндер!

Жеттік қой біздер 40 жылға аман-есен.

Сыныптастар, құрдастар, замандастар!

Ашылсын сағыныштан қойын дәптер…

Қазіргі Төлеби ауданы, Ленгір қаласы №2 Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің 1980 жылғы түлектері сыныптастардың 40 жылдық кездесуінің алдында бас қосып, мәре-сәре болып қалдық. Ол да болса кластас жігіттердің, атын ерекше айтып кеткім келеді, біздің мақтанышымыз, Бекайдардың арқасы.

    А, Б, В, Г, сыныптарында оқып, жан-жаққа арман қуып кеткен, өмірден өз орнын табуға тырысқан сол кездегі бозбала, бойжеткендер бүгінде ата, әже болған үлкен азаматтар мен азаматшалар. Мен үшін, басқа пансиондықтар үшін де, бұл  қауышу өте бір керемет әсер қалдырды. Сол бір кездерді, пансиондықтардың бір үйдің баласындай тату, бір дастарханның басында шүйіркелесіп тамақтанған, әңгіме-дүкен  құрған кездерімізді сағынышпен еске алудың өзі тамаша күйге бөледі. Сол кездегі пансион директоры Сатов Әбдісаттар, ұстаздарымыз: М.Бекішов, Б.Базира, Ш.Илиясов, Д.Тұяқбаева, т.б. бірі аға-әпкелеріміздей қамқор болса, енді біреулері өзіміздің құрдастарымыздай болып кеткен еді. Пансионда  әр  ауылдан  келген  ұл-қыздар  бір атаның  баласындай құрт-нанымызды  бірге  бөлісіп  жеп, бір-бірімізге  аға-қарындастай  болып  өстік. Пансион  бізге  бірлікте  болуды,  адалдықты,   мейірім  мен  достықтың  қадірін түсінуді  үйретті. Пансионның  кашасын  сүйсініп  жейтінбіз.  Ұл-қыздар  бір-біріміздің  руымызды  да  сұрамадық,  себебі  біздер  ағайындымыз  деп  ойлайтынбыз.

1980  жылы  25  мамырда  мектепті  аяқтап,  бәріміз  жан-жаққа  қанат  қақтық.   Ол  кезде  ұялы телефон  жоқ, біраз  хат  алысып  жүріп, хаттар  да  үзілді.  Себебі  қыздар  тұрмысқа  шығып,  отбасылы  болдық.   Мен  1983  жылы  киелі  Қазығұрт  ауданы, Тұрбат  елді   мекеніне  акушер  мамандығым  бойынша  жолдамамен  барып, өмірлік  серігім  Сансызбаймен  отбасымды  құрдым.  Қазіргі  таңда  қаншама  азаматтар  мен  азаматшалардың  кіндікшешесімін.  38  жылдан  бері  жоғары  санатты акушермін. Ауданның талай игі  істерінің  себепкері  болып  жүрмін. Жолдасым  Сансызбайдың  15,20,40  жылдық  кездесулерінде  мен  де  өз  сыныптастарыммен  осындай  тамаша  кездесулер  өткізсем  деп  армандадым.  Сыныптастарымды  қатты  сағындым.  Себебі  тамаша  естеліктер  мен  жақсы  күндер  көп  болатын. 2012  жылдан  бері  пансиондықтарды  іздеп, «Замана»   газетіне  «Қайдасың  Нұржамал?!»  деген  мақала  жарияладым. Соның  арқасында  бірталай  сыныптастарымды  таптым.  Біраз  жылдан  бері  он  шақты  сыныптас  араласып  келеміз. Кездескен  сәтте  өткен  күндерді  еске  алып, әңгімеміз  таусылмай, көңіліміз  жасарып  қалатыны бар.  Пансиондықтар  арасында  көңілі  баладай  пәк,  аккардеонда  ойнайтын  Ақбөпе  есімді  қыз  ерекше  есімде  қалды. Тұңғыш  қызымның  есімін  сол  қызға  ұқсатып  Ақбөпе  қойдым. Құдай  берген  2 ұл, екі  қызым  бар.   Өмірдің  ағысымен бүгінгі күнде ұл-қыздарымыздан немере сүйіп, ата мен әже болдық. Алайда, сыныптастарым үнемі ойымда жүреді. Балалық шағымды сағынып, ескі альбомдарды ақтарып отырып, «неге сыныптастарымды іздеп, басымызды қоспасқа» деген ой келді. Ұстаздарымыз бізге тамаша тәлім мен тәрбие берді. «Адам болыңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар» деп, жиі айтатын. Біздер тек өмірде өз жолымызды тауып қана қоймай, барлығы дерлік үлкен азамат болып, ел ағасы мен ел анасы атандық. Солардың ішінде ерекше атап өткім келетін пансиондық ұлдар бар. Солардың бірі: Оңғаров Шырынбек Сусынұлы, ҚРІІМ-нің запастағы полиция полковнигі, қазіргі таңда зейнеткер, Шымкент қалалық адвокаттар алқасының жеке дара адвокаты. Келес, Сайрам, Сарыағаш аудандарының Құрметті азаматы. Бұл кісінің бойындағы адами қасиеттерінің мол екенін балалық шақтан бері танып келеміз. Қарапайым әрі көпшіл мінезімен, салиқалы сыйластығымен бәрімізді тәнті етіп жүр. Көктемнің шуақты күнінде осындай тамаша ер балдардың ішінде Тойлыбаев Бекайдар Адамбекұлы – қазіргі таңда Төлеби ауданының Құрметті азаматы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, полиция полковнигі, ел ағасы.  Сыныптас қыздарды 8 наурыз әйелдер мерекесіне орай өзі тұратын Ақайдар ауылындағы қара шаңырағына қонаққа шақырды. Бекайдар Адамбекұлын ерекше айтып отырғаным, марқұм әкем Әбдіәкім бізді өмірінің соңына дейін «Айналайын, қыздарым» деп еркелетіп өтті. Әкем қайтқалы «Айналайын, қыздар» деген сөзді осы Бекайдар сыныптасымнан естідім. Бұл сөздің қыз баласының жүрегіне жылы тиіп, ерекше құрметке бөлейтінін сезіндім. Өмір сынақтары бәрімізді де сыбағасыз қалдырмады. Жылы сөзге сараң заманда бауырларыңның қолдауына, жақсы сөзіне мұқтаж болады екенсің. Қыз баласы болғанның жақсы жері бетке түскен әжімді жасыруға мүмкіндік бар. Шашымыз ағарып, жылдар ою салса да, балаң шақтың естеліктері жасартып жібергендей.

     Ақайдар  ауылы табиғаты сұлу, тамаша жерде орналасқан екен. Қақпадан  кіргеннен  сән-салтанатымен  күтіп  алған  Бекайдар  сыныптасым,  мектеп  кездегі  суреттерімізді үлкейтіп іліп, «Қош  келдіңіздер!» деп  жаздыртыпты.   Мектепті  1980  жылы  бітірген  А, Б, В, Г  сыныптарының  ұл-қыздары  жолдастарымен  жиналды.   Ішінде  бірін-бірі  танымай,   әре-сәре  болғандары  да, бірден  танып  жатқандары  да  бар.   Ең  бастысы,  жүректе  қобалжу, қуану  сезімдері  болғаны  айқын.  Бекайдардың  асыл  жары  Дина  мен  тәрбиелеп  отыған  5  ұл-қыздары  бәрімізді  ілтипатпен  күтіп  алды.  Қазақи  дәстүрді  сақтаған,  көргенді  үлкен  әулеттен  шыққан  отбасына  қызыға  қарадық.  Әруақты  сыйлаған  ұрпақпыз  ғой.  Дүниеден  өткен  сыныптас  достарымыз  бен  ұстаздарымызға  арнап  құран  бағышталып, бір  минуттық  үнсіздікпен  еске  алдық. Дәстүрге  сәйкес  күйеу  жігіттерге  төс  қойылды. Достарымызбен  мектеп  кезіндегі  қызықты  оқиғаларды еске  алып,  күлкіге  қарық  болдық.  Абай  атамыздың  әндері  орындалды,  Алматы  қаласынан  келген сыныптас қызымыз Шатахова Урипа  өмірлік  жарымен  қосылып  жанды  дауыста  ән  орындады. Пансионда  оқыған шақта  бірге  табақтас  болған  кезді  еске  алу  мақсатында  өз  қолымызбен  аулаған  балықтарды  Сансызбаев  Жәнібек  қара  қазанда  қуырып  берді.  Бұл  да  бір  балалық  шақты  қас-қағым  сәтке  көз  алдымызға  оралтқандай  болды.

 «Атадан  мал  қалғанша,  тал қалсын» деген сөз  бекер  айтылмаса  керек. Ақайдар  ауылының  терегі  жайқалған,  ауасы  таза, тау  бөктеріне  жақын  орналасқан  ауыл бөктеріне шығып,  ағаш  көшеттерін  отырғыздық.  Кездесуімізден  естелік  болсын  деп, келешек  ұрпаққа  өнеге  болсақ  деген  ниетіміз  болды.  Үйімізде  от анасы, жұмыста  қызметкер  болсақ  та, бұл  күні  шынымен  балаша  қуандық. Ниетіміз де,  сол  күні  айтылған  ізгі  тілектер де шынайы  жүректен  шықты.  Тамаша  күннің  идеясының  авторы  болған  Бекайдар  досымызға   алғысымыз  шексіз  болды.  Достардың  қадірін  түсінетін, көпшілдігімен, қарапайымдылығымен, қонақжайлығын  көрсетіп,  бәрімізге  үлгі бола  білді. Бала  кезгі  табақтас  болған   достардың  басын  қосып, 40 жылдан  соң  бір  қазаннан  тамақ  жеуді  нәсіп  еткізуге  өз үлесін  қосты.  Балаларына  сыныптастарын  таныстырып  жатып: «Бұл  кісілер  менің  бауырларым, екінші  отбасым,  сендерге  әке, ана» – деді.  Осылай деп айтқан  бұл  сөздері  жүрегімізге  одан  сайын  мейірім  мен  шапағат  сыйлады. Тамаша  кештің  естелігі  болсын  деп  суретке  түсіп, қолтаңба  қалдырдық. Мен  осы  кездесуді  ұйымдастырған  Бекайдар  досыма  сыныптастардың  атынан  шексіз  алғысымды  айта  отырып,  мынадай  өлең  шумақтарын  арнасам  деймін.

 Бала  шақтан  болашаққа  жол  аштың,

Көңілің дархан даласындай қазақтың.

«Айналайын, қыздар-ай» деп құрметтеп,

Тамаша күн біздер үшін арнапсың!

Сыныптастар басын қостың ерекше,

Бала кезде көпшіл едің бөлекше.

Білімің мен шынайы еңбек арқылы

Алғыс алдың, көтерілдің белеске.

Отбасыңа нұры жаусын Алланың!

Динажан пейілі кең, жан-жарың.

Алғысымыз шексіз біздің өзіңе,

Жүректерге шын қуаныш сыйладың!

 Мақала  авторы: ОҚО, Ленгір қаласының Ш.Уәлиханов атындағы №2 мектептің 1980  жылғы  түлегі  Әбдімомынова  Күлипан  Әбдәкімқызы

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.