Жапония үш апта бұрынғы мектептерге бекітілген карантинді алып тастады. 1 сәуірден бастап (Жапонияда жаңа оқу жылы басталатын күн) барлық бала әдеткі режимде оқуын бастамақ.
Дүниежүзі гигиенаны сақтау шараларын үдетуді насихаттап жатыр. Президенттер мен қала әкімдері қолды қалай жуу қажетін, бетті ұстамау, қол беріп амандаспау, үйді жиі тазалауды, дұрыс тамақтануды үйретуге көшті, қанағатшылдыққа шақырысып жатыр.
Жапонияда бәрі басқаша. Біртіндеп түсіндірейін.
Жапон елінде болғандар жапондардың үстінен ешбір иіс шықпайтынын, яки болар-болмас әтірдің ғана иісі шығатынын байқаған шығар. Жапондар шектен тыс тазайым. Оларға күніне үш рет душ қабылдау қалыпты жағдай. Кем дегенде екі рет жуынады. Кез келген жағдайда қол жуады. Бұл да қалыпты.
2. Жапондар киімін жиі ауыстырады. Ішкиімді күніне бірнеше рет ауыстыруы ықтимал. Бұл да қалыпты.
3. Жапонияда адамға қол тигізуге болмайды. Қол алысу, құшақтау, жай сипап өту – өте ұят дүние, тек етене жақындарыңның ортасында ғана мүмкін. Жапондар сәлем береді. Өмірдегі бүкіл жағдайға келетін салт.
4. Дистанция. Жапондар кез келген жағдайда қашықтық сақтайды. Дүкенде, не банкоматқа кезекке тұрсаңыз, қоғамдық көлік күтсеңіз де ешкім желкеңізге демалып тұрмайды. Қашықтық. Егер жер кең болса, бір метр арақашықтықты сақтайды.
5. Маусымдық эпидемия кезінде ғана емес, Жапондар күн сайын барлық қоғамдық жерлерге, көліктерге санитарлы тазалық жасап отырады. Айтпақшы, көп жұмыстар автоматты түрде тәулік бойы жасала береді. Мысалы, эскалатордың ұстағышы күні бойы антибактериалды дезинфекциялаушы заттармен жуылып отырады. Эскалатор жердің астына кеткенде, онда арнаулы автомат тұрады. Егер бір жерде адам саны әдеттегіден көбейіп кетсе, кесте бойынша емес, жиірек жуыла бастайды.
6. Ел ішінде әжетхананың бәрі тегін. Өте жақсы жабдықталған. Кез келген сәтте қолды сабындап жуа аласыз. Көп әжетханада ішкиім ауыстыратын, не киім ауыстыратын қосымша жер бар.
7. Барлық дерлік азық-түлік дүкендерде арнайы сабын құйылған дозаторы бар қолжуғыштар орнатылған.
8. Дүкендегі барлық азық-түлік герметикалық пакеттерге салынған. Картоптың өзін полиэтилен пакетпен сатады. Көкөністердің пакетке салынбауы өте сирек. Кей адамдар жапондардың шоколады неге фольгаға оралып емес, герметикалық капсулада сатылады деп таң қалады.
9. Егер жапон ауырса, ол өзгелерге жұқтырмау үшін бетіне тұмша киеді. Әрқашан. Бұл ұят емес. Ешкім саусақ шошайтпайды.
10. Жапондар елден көп шыға бермейді. Сырт әлем оларға агрессивті, бір түрлі, жат, қауіпті болып көрінеді.
11. Жапон елінде азық-түлік сапасы өте жоғары. Және сақтау мерзімі аз күнге арналған. Бүкіл әлем бойынша тамаққа талабы ең күшті ел – Жапония. Себебі, көп тағамды (жұмыртқа, теңіз өнімдері, көкөніс, жемістер, т.б.) өңдемей жейтін ел. Жапонияның тамағы әрдайым таза, жаңа піскен, шикідей жей беруге дайын. Еш қауіптенбей жеуге ыңғайлы. Жапондар солай жей береді. Тек сол тамақтың сыртында шикідей жеуге рұқсат деген жазуы болуы тиіс. Мен мұнда шикідей жұмыртқа жеуді үйрендім. Балықты да. Өте қауіпсіз.
12. Жапондар өте ширақ. Көп жүгіреді, белсенді ойындарға бейім, спортпен шұғылданады. Бұл қартайғанша сергек, белсенді қалыптарын сақтауға септігін тигізеді.
13. Жапондар тамақты шектеп ішеді. Семіріп кеткен жапонды кездестіру қиын. Тіпті қарттар арасында да ондайлар жоқ. Әсіресе, әйелдер арасында.
Айтпағым, бүкіл әлемдегі карантин шарттарын жапондар онсыз да күнбе күн сақтап отырады. Өркениетті елдің ұстанымы ретінде мұның бәрін бала жастан сіңіреді. Өмір-бақи ұстанып өтеді.
Құрметпен, Владимир Белоусов
Токио, 2020 жыл.
Аударған Шынар Әбілда
Ертіс Нұрқасым парақшасынан