Төтенше жағдай кезінде медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін Шымкент қаласында біршама жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік мекемелер мен халық көп шоғырланатын нысандарда медициналық бетперденің 285 мың данасы тегін таратылған болатын.
Жалпы, бетперделердің барлығы Шымкент қаласындағы жергілікті кәсіпорындарда тігілген болатын. Мұнан бөлек қала аумағындағы дәріханаларға жергілікті жерде өндірілген 185 мың дана бетперде түсті. Тиісті органдар бетперде бағасының негізсіз қымбаттамауын қадағалап келеді.
Қауіпті індеттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін әрбір азамат көшеге шыққанда, қоғамдық көліктерге мінгенде және басқа да көпшілік орындарға барғанда міндетті түрде бетперде тағуы тиіс. Бұл сақтық шараларды тұрғындар мұқият орындау керек. Және де Шымкент қаласының әкімдігі жергілікті кәсіпорындармен бірлесе отырып медициналық бетперде өндірісін арттыру бойынша жұмыс жоспарлап отыр.
Шымкент қаласының төтенше жағдай штабы