Шымкент қаласы бойынша 13 санитарлық бекетте медицина мамандары тәулік бойы кезекшілікте тұр.
Қалаға кірген көліктер тоқтатылып, дәрігерлер жүргізушіден бастап жолаушылардың дене қызуын өлшейді.
Бұл үшін қаланың кірме жолдарындағы блок-бекеттерде 13 жедел медициналық жәрдем бригадасы (13 бірлік санитарлық автокөлік, 13 фельдшер ЖМК, 13 жүргізуші), 45 орта медициналық қызметкер (фельдшер, медбике) жұмылдырылған. Блок-бекеттердегі медициналық пункттер байланыссыз термометрлермен толық қамтамасыз етілген. Санитарлық бекеттер талапқа сай жұмыс істеуде.
Медицина мамандары 8 сағат сайын ауысып, үш ауысымда жұмыс істейді.
Еске сала кетсек, Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында 31 наурыз күні сағат 21.00-ден бастап қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Атап айтсақ, қалаға кіретін барлық жолдар жабылады. Автокөліктердің қалаға кіруі мен шығуына тыйым салынады. Тек транзитті жүк көліктері мен тіршілікті қамтамасыз ететін арнайы автокөліктерге рұқсат беріледі. Қала аумағында барлық азаматтар медициналық бетперде киюге міндетті.
Шымкент қаласы төтенше жағдай штабы