24 маусым 23:59-дағы эпидемиологиялық жағдай бойынша Қазақстанда 520 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды coronavirus2020.kz. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны – 19 мың 285.
Өткен тәулік ішінде еліміздің 520 азаматынан коронавирус инфекциясы табылған болса, оның 42-сі — Шымкент қаласының тұрғыны.
Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ қала аумағында арнайы мониторингтік топтар түсіндірме жұмыстарын атқаруда.
Қосымша айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша COVID-19″ инфекциясын жұқтырғандар саны бүгінде 1446-ға жетсе, жазылып шыққандар саны 632 адамды құрайды. Ал, індеттен қайтыс болғандар саны 13-ке жеткен.
Бұл ретте, медицина мамандары қала тұрғындарына қатерлі індеттің әлі де қауіп төндіріп тұрғанын ескертеді. Сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуын, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен қоғамдық тағамдану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады.