Кез келген елдің өркендеуіне тұсау болып, әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін бірден-бір фактор – сыбайлас жемқорлық. Сондықтан да аталған қоғам індетін жеңіп, Ата Заң аясында бейбіт өмір сүру мақсатында жүргізіліп жатқан күрес тоқтаған емес және жемқорлықтың түбіне жеткенше тоқтамайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында халықтың өміріне әсер ететін барлық салаларға тоқталып, мәселелерді шешу және дағдыны дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде біз сөз етіп отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі төңірегінде қолға алынатын жаңа бастамалар да бар.
Жолдауда айтылған «Қоғамдық бақылау туралы» Заңының қабылдануы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарды сыбайлас жемқорлық пен бюрократияға қарсы жүйелі түрде әрекет етуге барынша кең ауқымда тартуға нақты серпін береді. Осы ретте Агенттіктің «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі қарудың бірі болмақ. Аталған карта мемлекет бюджетінен бөлінетін қаражатты әрбір азаматтың көріп, бақылауына және тиімді игерілуі бойынша пікір мен шағымын ашық білдіруіне толық мүмкіндік беретіндігімен ерекшеленеді. Бүгінде өңіріміз бойынша бұл картаға 877 ұйымның қаражаты орналастырылып, 460 млрд. теңге қалыптастырылған.
Жолдау аясында айтылған тағы бір маңызды жайт – мемлекеттік қызметкердің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олардың қызметтен босатылатыны.
Сондай-ақ, шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізу. Бұл туралы Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев «2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңін іске қосуды ескере отырып, біз келесі тетікті ұсынамыз. Бастапқы кіріс декларациясында мемлекеттік қызметші өзінің барлық активтерін тіркейді. Егер кезекті декларацияны тапсыру кезінде оның негіздей алмайтын табысының едәуір өсуі анықталса, оған мемлекеттік қызметтен босату және негізсіз асып кеткен соманы тәркілеу шарасы қолданылады» деп атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тағы бір негізгі міндеті – соттар мен құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлықпен күресіп, азаматтардың мүддесін қорғауға міндеттелген органдарда да сыбайлас жемқорлық орын алуда. Бұл азаматтардың құқық қорғау жүйесінің қызметіне деген сенімсіздігін қалыптастырады. Осы орайда мемлекет басшысы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың жемқорлық әрекеті үшін жазаны қатайту бойынша нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ, темір тордың арғы жағында отырған жемқорларды шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтыны және жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салынатындығын нақтылап берді. Осындай шаралардың қолданылуы лауазымды тұлғаларға қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармастан бұрын жақсылап ойлануларына түрткі болады деп есептеймін.
Жемқорлықтың жолын кесіп, заңсыз әрекет туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің де сараланған жүйесіне көшу жүзеге асырылды. Ендігі кезекте сыбалас жемқорлық дерегін хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғау күшейтілмек. Яғни, Мемлекет басшысы атап өткендей, жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипатқа ие болып, оның алдын алу жұмыстары күн санап қарқын алуда.
Агенттікпен қолға алынған түрлі салалардағы, атап айтқанда жол саласындағы «Сапалы жол», теміржол саласындағы «Адал жол», білім саласындағы «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» жобалары, инвесторларды қорғау мақсатында қолға алынған «Бизнес және инвесторларды қорғау» жобалары өз нәтижесін беріп келеді.
Сонымен қатар, мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау, бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуын және жымқыруды болдырмау маңызды міндет болып табылады.
Осы мақсатта, жыл басынан бастап «Сатып алудың бірыңғай терезесі» веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қоғам белсенділерінің араласуымен Шымкент қаласындағы барлық маңызды салаларға талдау жүргізіліп, нәтижесінде 2,4 млрд. теңге үнемделгенін атап өту қажет.
Қазіргі таңда мегаполисте сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, онымен күрес барысында белсенділік танытатындардың қатары күн санап көбеюде. Оған дәлел қоғам белсенділерінен құралған «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, Арнайы мониторингтік топпен қатар, парасаттылық, адалдық құндылықтарын дәріптейтін Ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелерінің артуы.
Президент Жолдауы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жаңа серпін беріп отыр. Жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес және жоспарлар да көп. Сыбайлас жемқорлықпен күресті ұтымды жүргізсек, әр саладағы түйткілді мәселелерді жойып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз.
Бұл ретте ел азаматтарының белсенділігі де маңызды екенін айтқым келеді. Сондықтан барша отандастарды жемқорлықпен бірлесе күресуге шақырамын. Ел мен жер, Ата Заң мен ондағы құқықтық теңдік, қауіпсіздік пен бостандық баршамызға ортақ құндылық. Құндылығымыздың қадірін бірге арттырайық.
А.Жұмағали,
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы