Жақында Шымкент қаласының төрт ауданы және соларға қарасты басқарма басшыларынан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов есеп алған болатын. Бұл жиында қала әкімі «ерте, ерте, ертеде…» деп, баяндамасын бастайтын қол астындағы қызметкерлердің «ертегі» әңгімелерін тыңдауға уақыты жоқ екенін бірден түсіндірді. Және де қарапайым сұраққа түсініксіз жауап беретін «біліксіздерді» сынға алды. Ал, кімнің қалай, не жауап беретінін Ғ.Әбдірахымов біліп те, жаттап та алған екен.
Шымкенттің инфрақұрылым жүйелері мен шаһарды абаттандыру, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары, құрылыс пен тұрғын үй инспекциясы салалары бойынша жауаптылардың жұмыстары мәжілісте кеңінен талқыланды.
Мінбрге шығып атқарылған жұмыстар туралы сала мамандарының баяндамалары қала әкімімен тыңдалып, оларға халықпен етене араласып, белсенді жұмыс жүргізу керектігін тапсырды.
«Әлеуметтік желілерде белсенді болыңыздар. Әр сұраққа нақты жауап беру керек.
«Иә» немесе «Жоқ». Бітті! Сонда ғана сіздер өз басқармаларыңыздың жұмысына қатысты халықтың қарсы пікірін алдын ала аласыздар.
Сіздер тұрғындардың басқа шаруасы жоқ деп ойлайсыздар ма? Ойланыңыздаршы, түсінікті жауап алған адам сізге келіп қайтеді?», — деді Шымкент әкімі.
«Ең алдымен сапаға мән берілсін. Өз міндеттеріне салғырт қарайтын мердігерлерге шара қолданылады. Жалпы стратегиялық жұмыстармен қатар, халықтың талап-тілектеріне жауап беріп, бақылап отыру керек.
Әрдайым әлеуметтік желіде тұрғындардың арыз-шағымын бақылап отырыңыздар», – деп, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қол астындағы «шаш ал десе, бас алғысы» келетін қызметкерлерге нақты әрі дұрыс тапсырмалар жүктеді.