Бар бәледен ұят сақтайды. Барлық жақсы істің байламы да ұятта.
Ж.Баласағұни
Көпшілікке танымал «nur.kz» ақпараттық порталымыз, бастапқыда салмақты материалдарды жариялаудан танылып жүрді. Ол уақыттарды көргендер ұмытып та қалған болар. Басты жаңалықтарды тез тарату арқылы көптеген оқырмандарын сол кезде-ақ үйретіп алды. Уақыт өте ақпараттық порталдың жаңалықтарынан ұят кете бастады. «18+» бағытында материалдарды ашық жариялауға көшті. Жалаңаш жөзкшелердің фотоларын, өтірік ойдан құрастырылған ұятсыз әңгімелер мен түрлі анайы видеолар жарық көре бастады. Осы азғындық материалдары арқылы оқырмандарының саны бірден көбейіп, солардың арасында көпшілігі жастарымыз екені де жасырын емес.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, материалдарынан мән-мағына кеткен «nur.kz» сайты қазіргі таңда қазақтарды азғыртып, жастарымызды жаман жолға жақындатып, үлкендеріміздің ұятын жоғалтып берді. Қазақ «ұятсыз адам, иттен де жаман» деген. Бастапқы жаңалықтарында «nur.kz» сайтынан ұятсыз фотоларды мүлдем көрген жоқпыз. Әсте-әсте әдемі беттері бұзылып, редакторларының бет перделері ашылып, таныс жезөкшелерін жарнамалауға дейін кірісіп кетті. Бетімен кеткен сайттың басшылығының өз мақсаттары басында айқын болды ма? Әлде, кейіннен қазақтың жастарынан ұятты кетіріп, ойдан құрастырылған арсыз мақалалар арқылы арымызды, намысымызды таптауды біреулер дұрыс санаған сияқты. «18+» арқылы оқырмандарын көбейткісі келетін жаңадан ашылған сайттарымыздың осы қателікті қайталамаса екен. Ұлт болашағының тәрбиелік жағына үлкен кесірін тигізіп жатқан бұл әрекеттерден керісінше сабақ алса екен.
Мақаладағы фото жаңалықтар «nur.kz» сайтында бір аптада жарық көрген көрсеткіштер. Енді, бір айда порнографиялық фотолардың жүздегенін, жылына мыңдағанын көзімен көріп жүрген адамдардан қалай ұят жоғалмайды дейсіз. Қазіргі таңда, мектепке баратын оқушыға дейін қолында смартфон телефоны бар. Олардың ғаламтордағы көріп жүрген көгілділері мен жалаңаш қыздары аз еді. Енді, «nur.kz»-тің сол көгілділерге, жалаңаш қыздарды жарнамалауда қосымша көмек беруі жағаны ұстатады. Интернеті бар кез-келген жасөспірім «nur.kz» сайтындағы масқараларды оқып та, көріп те жүргені өкінішті.
Келген жері осы болса, барар жерлерін білмедік
Технологияның дамуы, ғаламтор арқылы ақпаратты тез таратуға мүмкіндік беріп отыр. Ақпараттық порталдарымыз оқырман жинауда «18+» жолымен тез жетістікке жетіп, оңай жолмен жүргісі келеді. Бұл әрине дұрыс емес. Арнайы азғырған оқырман үшін жұмыс жасайтын сайттың журналист отбасындағы ұл-қыздарының жүздеріне қалай қарайды екен. Бұндай отбасыдан келекшекте жақсы азамат шығады деп айтудың өзі қиын. Орыс тілінде жазылатын «жезөкшелік» материалдардың авторларында бұрыннан «авторит» бар. Бұл тақырыптарды жазып келе жатқан орыстардың, орыс тілді қазақтардың көпшілігі отбасында ұятты шетке жинастырып қойған. Ал, осы тақырыптарды қаза тілінде жазып жүрген журналистердің жеткен жетістіктері соңғы кезде аз емес. Бұл кісілердің отбасында бала-шағаларына қандай тәрбие беріп жатқанын ертерек түсінсе екен. Еліңді түзеймін десең, өз бесігіңнен бастау керектігін түсінбейтін қазақ қаламгерлерінің, «18+» бағытта жазып жүргендерінің көбейгені өкінішті.
Мысалы, «nur.kz» сайтында ұятсыз «рекомендация» беттері бірден шығып тұрады. Қазіргі «nur.kz» келекшетек «porno.kz» десек те болатын шығар. Нұрдың басшылығы жалаңаш қыздардың фотосын салуды азайтпаса, баратын жерлері жақсы жер болмай тұр. Ертеңгі жастарымыздың келешегін ойласақ «nur.kz» сайтын дұрыс арнаға қайтып бұрып алуымыз керек болды. Ауқымды сайттардың, телеарналарымыздың көздегені, келген жері осы болса болашақта жастарымыздың тәрбиесінде ұяттың ізі де қалмайтыны анық. Рейтинг үшін адамның арын ақтаруға, ұятты жерін көпшілікке көрсетуге дайын тұрған бағдарламаларды қазірден түбімен құрту керек. Кеш жақсы деп жүргенімізде, еш болып кетпесек болғаны.