Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша әкім орынбасары Ерғали Білісбеков азаматтарды жеке сұрақтары бойынша кезекті рет онлайн қабылдады.
Қала басшысының орынбасары тұрғындарды жеке мәселелерімен алдын-ала жазылу бойынша аптаның бейсенбі және жұма күндері қабылдайды. Санитарлық талаптарды қадағалау мақсатында қабылдау әзірге онлайн түрде жүргізілуде.
Жеке бастарына қатысты мұң-мұқтаждарын жеткізген шаһар тұрғындары сауалдарына тікелей жауап ала алды. Негізгі мәселер әлеуметтік көмек, тұрғын үй және жұмысқа орналасуға байланысты болды.
Қабылдау барысында мәлім болғанындай, қазіргі таңда Шымкентте тұрғын үй алу тізімінде түрлі санаттар бойынша 47 мыңнан азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер белгіленген тәртіппен үлестіріліп келеді. Арендалық тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған.
Тұрғын үй кезегінде тіркелмеген, иелігінде жылжымайтын мүлігі жоқ, бірақ төлемге қабілетті барлық азаматтар «Нұрлы жер» бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша баспаналы бола алады. Азаматтар бірінші нарықтан тұрғын үйді немесе пәтерді өзі таңдайды. Аталған ипотекалық несиені «Банкцентркредит», «Еуразиялық банк», «Халық банкі», «Сбербанк», «АТФ банк», «Жусан банк» және «РБК банк» пен «Форте банкте» рәсімдеуге болады.
Қалалық тұрғын үй басқарамасы тарапынан келесі жылы осы бағытпен үлестірілетін тұрғын үйлерге конкурс ұйымдастыру жоспарланған. Әрбір отбасының баспаналы болуына мүмкіндік беретін бұл бағдарлама жылдық номиналды сыйақы жарнасы – 7%, бастапқы жарна – баспана құнының 20 пайызы, шектік мерзім – 25 жылға рәсімделеді.
Сондай-ақ, қала әкімдігі тарапынан баспанаға мұқтаж азаматтарға берілетін 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификатын нарықтағы кез-келген баспананы алу кезінде пайдалануға болады.
Қабылдау барысында әлеуметтік көмек мәселелері де көтерілді. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, аз қамтамасыз етілген отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік түрінде кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер де қарастырылған. Азық-түлік топтамасы «Gramad» сауда кешенінің дүкендер желісінде беріледі.
Айта кетерлігі, кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар Денсаулық сақтау министрлігінің негізінде қалыптастырылған. Жиынтықтарға әртүрлі жарма, картоп пюресі, сүт және т.б. өнімдер кіреді. Барлық азық-түлік сертификатталған. Аз қамтылған отбасының әрбір баласына арналған гигиеналық құралдар жиынтығы тоқсанына (3 ай) бір рет ұсынылады. Бүгінгі таңда Шымкентте орта есеппен 27 мыңнан астам балаға кепілдендірілген азық-түлік топтамасы беріледі.
Қашықтықтан өткен бұл жолғы қабылдауда 10-нан аса азаматтың өтініші тыңдалды. Ерғали Дәулетбекұлы әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Жекеленген мәселелер бойынша тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.