Шымкент қаласында спорттық инфақұрылымды дамыту, спорт мектептерін оңтайландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл қаңтар айында қала әкімінің Қаулысына сәйкес, № 3 спорт мектебі Л.Тәжиева атындағы №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қосылды.
Жұмысы қайта ұйымдастырылған спорт мектебіне бүгінде әлемдік деңгейдегі төреші Бақытжан Жақсықұлов жетекшілік етеді. Білікті маманға зор сенім артылып отыр.
– Бұрын екі мектепте де ұқсас спорт түрлері жұмыс істеді. Біріктірудің нәтижесінде қазіргі уақытта спорттың 9 түрін дамыту міндеті жүктеліп отыр. Жалпы 14 спорт түрінің 5-і оңтайландыру жүйесімен басқа мектептерге өтті. Енді оқу-жаттығу базаларын қайта жаңғырту, білікті мамандарды тарту бойынша жұмыс атқаруымыз керек. Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттарында төрешілік еткен кезімде, сол елдердің спорттық базасымен танысып, жаттығу тәсілдерін, оқу процестерін әрдайым бақылап жүрдім. Енді бізге де жұмысты жаңаша ұйымдастырып, спорттық базаларды жаңғырту, нәтижелерді одан әрі жақсарту бағытында жұмыс істеуіміз қажет, – дейді Бақытжан Ержанұлы.
Спорт мектебінің оқу-жаттығу базаларын заман талабына сай жаңғырту басты назарда тұр. Қазіргі таңда мектепке тиесілі үш жаттығу базасы бар. Жүзу және триатлон базасы 1965 жылы салынған. Онда медицина кабинеті, жаттықтырушылар бөлмесі, киім ауыстыру, тренажер залын жаңғырту уақыт күттірмейді. Жаңа әкімшілік корпус салу да жоспарда.
Оқу-жаттығу базаларын заманауи үлгіде жаңарту бағытында жұмыс жоспарлары жасалуда.
Тарихы терең мектептің жеңісті дәстүрі үзілмеуі тиіс. Бақытжан Ержанұлы 2013 жылдан бері №4 спорт мектебіне басшылық етеді. Енді білікті маманға заман талабына сай оңтайландырылған мектептің жұмысын жүйелеу, жоғары спорт шеберлерін даярлауда тағы бір жауапкершілік жүктеліп отыр.