Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек Жолы» шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Имерек» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқанда мазасызданып, белгі береді.
Содан полицейлер күдік тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Белгілі болғандай күдікті азаматтың күртешесінің оң жақ қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «марихуана» есірткісі екені расталды.
Сондай-ақ ұсталған орта жастағы азаматтың Өзбекстан елінің тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңмен тыйым салынған есірткіге қатысты қатаң жаза көзделгенін ескертеді.