Шымкентте «Аманат» сайлауды бақылау жөніндегі азаматтық алаңы аясында семинар-тренинг өтті. Жиынға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген «Аманат» азаматтық платформасының штаб жетекшісі Лима Диас, қоғам қайраткері Мұсағали Дуамбеков және Шымкенттегі «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі Зәуре Оралбаева қатысты.
Тренинг алдында «Аманат» азаматтық платформасының ресми таныстырылымы өтті. Қоғамдық ұйымның бағыты бойынша мақсаттары мен міндеттері түсіндірілді. Онда дауыс беру процедурасы қандай, басқа аймақта жүрсеңіз қалай дауыс беру қажет, сайлаушылар тізімінен өзіңді қалай тексеруге болады, егер сіздің сайлаушы құқығыңыз бұзылса, қайда хабарласу керек, т.б. сұрақтарға жауап берілді.
Кездесуде «Аманат» азаматтық тұғырнамасының Шымкент қаласындағы штабының жетекшісі Ербол Дайрашұлы штаб мүшелерін таныстырып, алдағы жұмыс барысын пысықтады. Сондай-ақ «Аманат» азаматтық платформасының мүшесі Мұсағали Дуамбеков мобильді капитандарға оқу тренингін өткізді.
— Тренингтің мақсаты – сайлау туралы құқықтық талаптарға сәйкес ақпарат беру, сайлаушылар мен бақылаушылардың міндеттерін құқықтық негізде түсіндіру, жергілікті сайлау комиссиясымен өзара бірлескен іс-қимылдар жасауға үйрету. Семинардың модулі халықаралық талаптарға және тәжірибеге сәйкес. ОСК, кандидаттың сайлау штаб-пәтері және өзге де сайлауға қатысты аймақтарда заң бұзу фактілері тіркелсе, онда бірден қандай әрекеттер жасау керектігі туралы кеңестер беріледі, — деді М.Дуамбеков.
Семинар соңында барлық қатысушыларға «Аманат» сарапшылары дайындаған «Сайлаушылар естелігі» табыс етілді.
Айта кетерлігі, таяуда Шымкентте «Аманат» азаматтық алаңы құрылған болатын. Бұл әділ, ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Оған қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық белсенділер кірді.
Еске салсақ, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 45 ҮЕҰ бар. 9 маусым күні өтетін Президент сайлауы кезінде Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді.