«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде туристік полиция бөлімшесі құрылды. Бұл туралы музейдің баспасөз-қызметі хабарлады.
Ішкі істер органдарын реформалау және «Жол картасын» іске асыру мақсатында Түркістан облысы полиция департаментінің негізінде көші-қон полициясы басқармасының жанынан құрылған жаңа туристік полиция Қазақстандағы туризмнің халықаралық беделін арттыру, елімізге шетел азаматтары келген кездегі қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету және оларды толғандырған кез-келген сұрағы бойынша ақыл-кеңес беру бойынша жұмыс жасайды.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде 5 туристік полиция және екі көлік жұмыс жасайтын болады. Аталған бөлімше қызметкерлері барлық қажетті техникамен жабдықталған.
Түркістан қаласы полициясының баспасөз қызметінің айтуынша туристік полиция қызметкерлері өзінің кәсіби және қызметтік сапасы жоғары болуымен қатар, туристермен қарым-қатынас жасау үшін бірнеше тілді меңгерген мамандар. Туристік полиция қызметкерлеріне қорық-музей кеңсесінен арнайы бөлме берілді.
«Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келуші туристер саны жылдан-жылға артып келеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің де мақсаты — Түркістан қаласындағы тарихи орындарды зерттеп, жаңартып, жаңғырту және туристік әлеуетті арттыру. Түркістан қаласы орталығы аталғалы бері де келушілер саны көбейді. Туристік полицияның туризм саласы беделін арттыру, тыныштықты сақтау, түрлі қауіпсіздіктердің алдын-алу бойынша маңызы зор. Әрбір келушіге жайлы жағдай жасаумен қатар жан-жақты қауіпсіздігін сақтау аса маңызды. Еңбектеріне сәттілік тілейміз!», — деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
«Түркістан — қауіпсіз қала» жоспары шеңберінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстармен құқық бұзушылықтардың алдын — алу мақсатында «Түнгі қала балалар» алдын алу іс — шарасы өтті.
Түркістан қаласы полиция басқармасының бұйрығына сәйкес жергілікті полиция қызметі, қалалық білім беру бөлімі және «Жастар ресурстық орталығы» КММ — нің қызметкерлері бірлесе ұйымдастырған рейд барысында қала аумағындағы орналасқан ойынханалар мен кафелерде, мейрамханаларда заңды өкілінсіз жүрген кәмелетке толмаған бес жасөспірім анықталды.
Олардың ата — аналарына баламен жұмысты күшейту керектігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Айыппұл салынып, бала тәрбиесін қадағалау керектігі ескертілді.
Рейдтік іс — шаралар алдағы уақытта тұрақты түрде өз жалғасын табатын болады.
Құқық бұзушылық –бұл қоғамға қарсы әрекет. Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі кезде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру арқылы оларды дұрыс жолмен жүруді үйретеміз. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте маңызды. Құқықтық сауаттылықты арттыру құқықтық тәрбиемен келеді.
Түркістан қалалық ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында беймезгіл уақытта заңды өкілінсіз жүруін анықтау барысында түнгі рейд өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түңгі 23:00 ден кейін заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын сауық орталықтарында жүруі бойынша тексеру. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұруы, ата-ананың қарауынсыз қалуы, тәлім – тәрбие мәселелерін қолға алу және келеңсіз жағдайлардың алдын алу.
Сонымен қатар іс-шара барысында жастар мен жасөспірімдерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жаңа баптары 127-бап ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларға тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы, 441-бап жекелеген қоғамдық орында темекі шегуге тиым салуды бұзу, 442-бап кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын жайдан тыс жерде болуға тыйым салынатындығы жайлы ескертілді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласында миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығын (МХҚО) ашты.
Бұрын шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін, бірнеше күн түрлі мекемені аралауға мәжбүр болатын. Енді олар ЖСН алу, салық төлеу, медициналық тексеруден, дактилоскопиядан өту, сақтандыру анықтамасына қол жеткізу секілді құжаттарды бір жерде, бір сағаттың ішінде рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін он бесінші орталық. Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы мемлекеттік қызметтер белгіленген уақыт регламентіне сай электрондық кезек арқылы арнайы жабдықталған жұмыс орындарында жүзеге асырылатынын атап өтті. «Бұл мигранттар үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де өте қолайлы. Жаңа МХҚО жұмыс барысын жеңілдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын-алуға жол ашады»,- деді салтанатты рәсімде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрағасының орынбасары Біржан Жүнісов.
Айта кетейік, Түркістан қаласында биылғы жылдың басынан бері миграция бағыты бойынша 36728 қызмет көрсетілген.
Түркістан қалалық полиция қызметкерлері мигранттарды қадағалауды күшейтті. Қазақ жеріне нәпақа табу үшін келетін мигранттың заңға бағынатыны бар, бағынбайтыны да. Олардың кейбірі құжатсыз-ақ еңбек етіп жүр қазір. Араларында заңды бұзып, қылмыс жасайтындары, тіпті, адам өлтіргендері бар. Олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет жаңа бастаманы қолға алыпты.
Дүниежүзілік банктің есептеуінше, 2013 жылы дамушы елдердің мигранттары мемлекеттеріне 414 млрд. доллар көлемінде ақша жібермек. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда, 6,3 пайызға артық. Дүниежүзілік банктің Миграция мен ақша аударымдары бөлімшесінің баяндамасын дайындаушы мамандар аталған сома Австрия мен Оңтүстік Африканың жалпы ішкі өнімінен асып түскенін айтады. Егер мигранттар осы қарқынынан таймаса, жат жұртта жүріп, үйлеріне жіберген ақша көлемі 540 млрд. долларға жетпек. Ал дамыған және дамушы елдерді түгел қосқанда, 232 млн. еңбек мигрантының тапқан табысы 550 млрд. долларға жуық, ал 2016 жылы 700 млрд. долларға теңгеріледі.
Биыл шет елдегі мигранттарының арқасында пайдаға шаш-етектен кенелгендердің алдыңғы қатарында Үндістан тұр – 71 млрд. доллар. Одан кейін: Қытай ($60 млрд.), Филиппиндер ($26 млрд.), Мексика ($22 млрд.) мен Нигерия ($21 млрд.). ДБ өкілдерінің айтуынша, бұл бестік бірнеше жылдан бері өзгермепті. Ал дамушы елдерге келсек, Украина, Египет, Пәкістан, Бангладеш пен Вьетнамда сырттан келетін табыс жоғары. ТМД аумағы бойынша еті тірі тәжіктер мен қырғыздар – еңбек мигранттары аса белсенді ұлт. Олар негізінен Ресейде нәпақа тауып жүр. Әлбетте, Қазақ жеріне келіп, ақша тауып жүргендер де көп. Заңға бағынғысы келмейтін мигранттар тіпті, заңсыз жолды таңдаған. Олардың көпшілігі Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға шоғырланыпты. Ресми түрде тіркелмегендіктен, мигранттар арасында ауыр қылмыс жасап, ұстатпай кететіндері немесе бірнеше адам өлтіріп, елдеріне тайып тұратындары бар.
Сырттан келетін мигранттар ағынын ірі қалалардан басқа жаққа бағыттауды көздейтін Үкімет бюджеттен қаражат бөліп, қараусыз қалған ауылдарды дамытуды жоспарлап отыр. «Негізінен ірі және үлкен қалаларға адамдарды топтастыруда тепе-теңдікті сақтау мақсатында, арнайы қала құрылысын қадағалау аймағын қалыптастырамыз», – деп мәлімдеген ҚР Аймақтық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев аталған қалалардың іргесінен контрмагнит-қалалар салынатынын айтты.
Құзырлы органдар осылайша әрекет етіп жатса, депутаттар да қарап қалмады. Еңбек миграциясына қатысты кейбір заңнамалық құжаттарға қатысты заң жобасын қабылдаған олар мигранттар еңбегін жалға алатындар екіжақты келісімшарт түзуді және бір үйдің шаруашылық істерімен айналысатын мигранттарын 5 адаммен шектеуді міндеттемек. Сонымен қатар қазақстанға келген әрбір жатжұрттықтың фото-тіркеуі болады. Бұл қылмыс жасалған жағдайда іздеу жұмыстарын жеңілдетуге сеп. Негізі құптарлық бастама. Өйткені елімізге нәпақа табу үшін келіп, қылмысқа жиі баратын мигранттар көп. Мәселен, жуырда ғана бір отбасын түгел бауыздап, өлтіріп кеткен өзбекстандық мигрант бұған дейін де қылмыс жасаған, яғни, өзі жөндеу жұмыстарын жүргізген үйін үптеп кеткен екен. Егер сол кезде тәртіп сақшылары қолға түсіргенде екі бала, бір жас жігіт пен аяғы ауыр әйелді ажалдан аман алып қалар еді. Себебі, сол өзбек екі жыл бұрын жөндеу жұмыстарын жүргізген үйге Талдықорған қаласының екі қазақ жігітімен бірге барып, отағасы жоқта 5 адамды түгел қырып кеткен. Полиция қызметкерлері әлгі қылмыскердің ресми түрде тіркелмеуі себепті, алғашқы қылмыста (2 мың долларды ұрлағанда) қолға түсіре алмағандарын айтып ақталуда. Жалпы тәртіп сақшыларының көп жағдайда қылмысты «ұсақ» не «ірі» деп қарайтыны да қоғамдағы түйткілдерді үстемелей түсуде. Мигранттарға қатысты тағы бір жаңалық – жеке тұлғалар еңбек мигранты ретінде еңбек ету үшін олардың әрекетін заңдастыруға да назар аударылмақ. Өйткені құжатсыз жүрген шетелдік жалдамалы жұмыскер көп. Ішкі істер министрлігі арқылы берілетін бұл құжаттың мерзімі мигрант қалаған уақытқа дейін созылады. Ең бастысы, ол Қазақстан шекарасын аттағаннан кейін уақытша тұру рұқсатын 12 айдан асыра алмайды. Бұл құзырлы органдардың сырттан келетін еңбек күшін қадағалауына көмек.