“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын іске асыру аясында және “2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғыртудың жол картасы” тармақтарын орындау үшін киелі Түркістан қаласына жұмыс сапарымен ҚР ІІМ-нің бірінші орынбасары Марат Қожаев келді.
Сапар барысында ІІМ вице-министрі Түркістан қаласындағы криминогендік жағдайдың тұрақтылығы және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ қала әкімдігінде орналасқан сарапшылар тобының қызметкерлерімен кездесті. Одан әрі полиция генерал-майоры М.Қожаев маңызды туристік нысандарды аралап, туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қала орталығында орнатылған “SOS” стационарлық бекеттерінің жұмысымен танысты.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша учаскелік полиция инспекторларының жұмыс ауқымы кеңейтілуде, оларды техникалық жабдықтармен жарақтандыру, жұмыс нәтижелерін арттыру және қылмыс деңгейін төмендету үшін барлық жағдайлар жасалуда. Осыған байланысты генерал М.Қожаев Түркістан қаласы полиция басқармасының №4 және № 6 тірек пунктеріне арнайы аялдады. Бірінші кезекте вице-министр учаскелік инспекторлардың жұмысын бағалап, профилактикалық шараларға байланысты тапсырмаларын берді.
Одан кейін Түркістан қаласы Полиция басқармасына келген Марат Шадетханұлы жедел басқару орталығының қызметімен танысты. ЖБО бүгінде қала орталығында орналасқан барлық бақылау бейнекамералары біріктірілген полиция департаментінің маңызды құрылымдарының бірі болып табылады.
(Мәлімет үшін: Республика көлемінде адам санына шаққанда қылмыс саны ең аз облыс – Түркістан.).
Тәртіп сақшыларының оң нәтижелерге қол жеткізуінде ЖБО-ның өзіндік үлесі бар екенін атап өту қажет. Бейнебақылау камераларының көмегімен 2021 жылдың 10 айында қала бойынша 75 502, ал Түркістан қаласында 36 483 құқық бұзушылық анықталды. Сондай – ақ қала көлемінде – 104 қылмыс, ал қала орталығында – 32 қылмыс бейнебақылау камераларының көмегімен ашылған. Айта кету керек, бейнебақылау камералары орнатылған жерлерде жүргізушілер апаттық жағдайларға жол бермейді.
Сапар барысында ІІМ орынбасары М.Қожаев Түркістан қаласы полиция басқармасының жеке құрамымен кездесті.
“Түркістанды рухани астана және туристік орталық ретінде барлығы жақсы біледі! – деп атап өтті Марат Қожаев, – сондықтан осындай қасиетті жердің тәртіп сақшылары әрқашан өз жұмыстарыңызға жауапты болып, қылмысты ашуда әділдікті ту етулеріңіз қажет. Баршаға мәлім полицияны халық әрдайым қорғаушы, жанашыр ретінде сезінуі керек. Ол үшін Президентіміз Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен іске асырылуына мұрындық болуымен сан түрлі жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде «Цифрландыру», «Сервистік полиция» т.б. Сондықтан сіздер бірінші кезекте халық өзін қауіпсіздік пен жайлылықта сезінетіндей жағдай жасап, өз қызметтеріңізді адал атқаруларыңыз қажет. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық, қылмыс не болмаса басқалай тәртіпсіздік те мүлде орын алмауы аса маңызды!”,- деп түйіндеді полиция генералы М.Қожаев.
Содан кейін вице-министр Түркістан қаласы полиция басқармасы жанындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және халыққа қолжетімді қызмет көрсету, естуші мемлекет аясында құрылған “Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесінде” болды. Онда тұрғындарға қызмет көрсетудің тиімділігі мен ғимараттың келушілерге қолайлылығы толық қарастырылған.
Сапар соңында генерал Марат Қожаев Түркістан қаласындағы қалалық полиция басқармасының жаңа ғимараты құрылысының барысымен танысты.
Жалпы Вице-министр Түркістан полицейлерінің жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта да Түркістан қаласының тәртіп сақшылары азаматтардың қауіпсіздігі үшін жоғары деңгейде қызмет атқаратынына сенім білдірді.
Ата Заңымыздың құрылғанына биыл 27 жыл болса, Тұғырлы полиция қызметкерлерінің 30 жылдық мерекесі де аталып отыр. Қос мереке өзіндік қасиеттілігімен қазақ халқы үшін аса құнды. Ендеше осынау мерейлі мереке қарсаңында полиция қызметінде ерен еңбек етіп, ішкі істер саласына қабылданған және бүгінгі күнге дейін осы саланың қазанында қайнап, қылмыстың азаюына сүбелі үлес қосып келе жатқан басшылардың бірі – Бауыржан Сапарұлы Селтанов жайлы сөз етпекпіз.
Киелі Түркістан қаласының полиция басқармасын талай білікті де білімді, өз дәуірінің майталман мамандары басқарып, қызметтерін абыроймен атқарды. Ал Бауыржан Селтанов сол басшылардың ізін жалғастырып келе жатқан аға буын өкілі. Бүгінде ол 39 жылдық тарихы бар полиция басқармасын басқаруда.
Полиция полковнигі Бауыржан Селтанов коронавирус атты тәжтәжал әлемді жайлап, қасиетті өңірге ауыз салған сын кезеңде қызметке тағайындалып, өңірдің қылмыстық ахуалын тұрақтатқан полицей.
Мәселен 2021 жылдың 7 айында жергілікті полиция қызметінің күнделікті жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде көпшілік орында жасалған қылмыстар 174-тен 161-ге, оның ішінде көшелерде жасалғандары 91-ден 72-ге немесе -20,9 пайызға, жасөспірімдер және олардың қатысуымен орын алған қылмыстар 13-тен 6-ға немесе -53,8 пайызға төмендеген. Одан бөлек қаланың қауіпсіз болуы мақсатында екі ауысымда полицейлер күндіз-түні рейд ұйымдастырады. Іс-шаралар жүргізеді. Жолдар мен көпқабатты үйлердің арасын патрульдейді. Жалпы тізбектей берсек тиянақты тәртіп сақшысы тірлікке кіріскелі бері киелі өңірдегі жағдай едәуір жақсы. Осы жолдан таймайтын болса, қала орталығын күн санап үлкен жетістіктерге жетеді деп болжауға болады.
— Сонау Кеңес Үкіметі кезінен бері халыққа қызмет етіп келе жатқан полиция басқармасында қызмет ету мен үшін мәртебе. Бұл полиция басқармасы 1982 жылы ОҚО Түркістан қалалық басқармасы болып құрылып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау барысында үзіліссіз жұмыс атқарып келеді. 2019 жылы Түркістан облыс орталығы болғандықтан, Түркістан қалалық полиция басқармасы деп аталды. Міне осы сәттен бастап қала сақшыларына халықтың сенімі артылды. Сондықтан туристер көптеп келетін аумақта, келушілер мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе. Мен басқарма басшылығының тізгінін қолыма алған кез індеттің дендеуімен қатар келді. Елімізде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қатаң карантин талаптарын сақтау міндеттелді. Сол кезде, құқық бұзушылықтың ішінде қоғамдық орындарда індеттің алдын алуға байланысты талаптардың сақталуына тұрғындар тарапынан немқұрайлық танытатын жайттар жиі орын алды. Кейбір азаматтар індет жайлы жалған қауесеттер таратты. Бірақ барлық жағдайда да біз жеке құрамды жұдырықтай жұмылдырып, мәселені мезгілінде шешіп отырдық деп айта аламын, — дейді полиция полковнигі Б.Селтанов.
Бауыржан Селтановты текті отбасынан шыққан, балалық шағында ат-анасының тәлім-тәрбиесімен бой түзеп өскен, ұлағатты ұл десек қателеспейміз. Ол 1976 жылдың 10 желтоқсанында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1982 жылы Сарыағаш ауданында орналасқан М.Калинин атындағы орта мектепке қабылданып, ойдағыдай бітіріп шықты. Ал аталған білім ордасын тәмамдаған соң, жас түлек еліне адал қызмет етуді мақсат санап, құқық қорғау қызметіне қарай қадам басты. Яғни жоғары оқу орнын тәмамдап, заңгерлікті меңгеріп шықты. Осылайша 1997 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ішкі істер органдарының қатарында қызмет етіп келеді.
Өзіндік тәжірибесі толысқан полиция полковнигі Бауыржан Сапарұлының алдағы уақыттарда да тарихи өңірдегі атқарар ауқымды істеріне сәттілік тілейміз. Және айтарымыз Сіз секілді қашанда сабырлы да сауатты, білімді де білікті басшылар қатары азаймасын. Еліңіз үшін жасаған еңбегіңіз әрдайым ел алдында елене берсін!
Түркістан қаласы ішкі саясат және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері және Түркістан қалалық ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында беймезгіл уақытта заңды өкілінсіз жүруін анықтау барысында түнгі рейд өтті. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түңгі 23:00 ден кейін заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын сауық орталықтарында жүруі бойынша тексеру.
165 мыңнан аса халқы бар рухани шаһарда қауіпсіздікке баса назар салу – құптарлық іс. Естеріңізде болса, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековпен «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірқатар мамандарға жіктеп тапсырмалар берген болатын. Қала әкімдігі қала прокуратурасы мен облыстық полиция департаментімен бірлесіп «Түркістан – қауіпсіз қала» акциясын бастады. Осы ретте, полиция қызметкерлеріне аса жауапты сынсағат берілгендей болды. Себебі, қауіпсіздікті ең алдымен бақылайтын, қадағалайтын, алдын алатын полицейлер болғандықтан, оларға ашықтықта жұмыс істеуді тапсырып, жауапкершілік артылған.
Шілденің соңғы күндерінде бастау алған бағдарлама қауіпсіздікті қаншалықты арттырады? Түркістанды қауіпсіз қала ретінде көре аламыз ба? Осы сұрақ төңірегінде жауап іздеп көрелік.
Қала әкімінің тапсырма берген күнінің ертесіне-ақ халық көп шоғырланатын жерлерде әр аттам сайын сұлбасы көрінген тәртіп сақшыларын, жылжымалы полиция пунктін көрдік. Орталық «Қуаныш» базары аумағындағы көрініс тыныштық тұңғиығындағы шаһарды бір серпілткендей болды. Алғашқы күндегідей емес, тұрғындар жол жиегінде жүруді үйреніп қалған. Десе де, полицейлер әлі де ары-бәрі өтушілерге барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бағдаршамның қызыл түсінде тоқтап тұрған қала тұрғыны Ғалия Оразбайды болып жатқан бағдарлама аясындағы жұмысқа деген көзқарасын білдік: «Түркістан қауіпсіз қала болуы үшін полиция қызметкерлерінің бұл еңбегін дұрыс деп бағалаймын. Себебі, халықты осылай үйретпесе, олар әдеттегідей қалаған жерінен өтуді жалғастыра береді. Кептелістің де орын алуының бірден бір факторы да осы жағдай. Бірақ сырттай қарасаң тұрпайы көрінеді. Өйткені халық біреудің үйретуінсіз өзі ақпарат көздері арқылы хабардар болуы керек. Жөндеу жұмыстары – ол уақытша нәрсе. Тіпті жөндеу болмағанның өзінде тұрғындар ары-бері өте беретін еді. Сондықтан, бұл бос сөз. Енді полицейлер тек жолда жүру қауіпсіздігін ғана емес, өзге де мәселелерді жіті бақыласа екен. Мәселен осы базардың өзінде мектеп жасындағы балалар сауда-саттықпен айналысып жүр. Олардың қолына ақша тисе, бұзақылыққа жол беруі мүмкін», – деді қала тұрғыны Ғалия Оразбай.
Иә, қанша адам болса, қалыптасатын пікір де сонша. Мәселен, инстаграм әлеуметтік желісіндегі @turkistan_gazeti парақшамызда халықтың ойын білгіміз келіп, ашық пікір қалдыруды өтініп, сауалнама тастадық. Желідегі ағайынның көпшілігі аталмыш бастаманы қолдайтынын аңғардық.
Десе де, жаңадан сызылған жолақтарға жаяу жүргіншілер алғыстарын жаудырса, көлік жүргізушілері наразылық танытуда. Осылайша, екі жақты пікір қалыптасты. Ал жауапты мамандар бұл ретте алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында деген басу айтуда.
Біз қалалық полиция басқармасына да табан тіреп, жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Жанаевтан шара бойынша нақты мәлімет алуға тырыстық. «Біздегі ең маңызды көшелердің қатарында Б.Саттарханов пен Тәуке хан даңғылдары және С.Қожанов, Байбұрт, С.Ерубаев көшелері бар. Ал, өздеріңіз білетін ең үлкен көше – Тәуке хан даңғылы. Орталығы базар аумағы болғандықтан адам көп шоғырланады. Мұндағы белгіленбеген жерден өту көлік жүргізушілеріне кедергі келтіреді. Кез келген уақытта адам жол жиегіне жүгіріп шығар болса оқыс оқиғалар орын алып, жол апатына әкеп соқтыруы мүмкін», – деді Б.Артықбекұлы.
ЖПҚ бастығының сөзіне сүйенсек, қазір жол қауіпсіздігімен қатар, «Нөлдік төзімділік» бойынша да рейдтік жұмыстар атқарылуда. Нөлдік төзімділік – белгіленбеген орындарда сауда жасау, ұсақ бұзақылық, көше бойына күл-қоқыс тастаудың алдын алуды көздейді. Демек, көшеде кетіп бара жатып ішкен суыңыздың бөтелкесін, жеген балмұздағыңыздың қаптамасын, темекі тұқылын тастап, жайбарақат жүре алмайсыз.
Айта кетейік, былтырғы 6 айлық көрсеткіш пен биылғы көрсеткішті салыстырар болсақ, әкімшілік құқық бұзушылықтар саны өскен. Мәселен, жол қозғалыс ережелерін бұзғаны бойынша биыл 156 млн теңге әкімшілік айыппұл салынса, былтыр бұл көрсеткіш 44 млн теңге болған. Бұл деген, ел қазынасы қарапайым тұрғындардың салғырттығынан толып жатыр дегенді көрсетеді.
Жоспар бойынша бір ай ауқымды жұмыстарды жалғастыру көзделген. «Қауіпсіз қаланың» бағыттары көп. Олар ретімен атқарылатын болады. Ал, бөлінген 16 сектордың қылмыс деңгейі, ұсақ бұзақылықтарды болдырмау бойынша да бүкіл Түркістан қаласы полиция басқармасының тәртіп сақшылары жұмыла жұмыс істеуде.
Еске салайық, әкімшілік құқық бұзушылық жасап, сізге әкімшілік хаттама толтырған жағдайда 2 айлық есептік көсеткіште (5050 теңге) айыппұл салынады. Егер, жеті тәулікте төлесеңіз 50 пайыз жеңілдікпен 2525 теңгені құрайды. Осы іс-әрекет бір жыл ішінде қайталанатын болса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615 бабының 2 тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылып, айыппұл 10 АЕК-ға тура келеді.
Жалпы, «Түркістан – қауіпсіз қала» жобасы өткен жылдың соңында бекітілген болатын. Қылмыстылықты төмендету, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық саяси ахуалға әсер ететін мәселелерді шешуді көздеген жоба осы үш бағытты қамтиды.
Статистикаға сүйенер болсақ, «numbeo» сайты жүргізген онлайн сауалнама нәтижесінде, 2018 жылы әлемдегі ең қауіпсіз қала Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби қаласы болып танылған. Мұнда қылмыс деңгейі 11,62 пайызды құраса, қауіпсіздік деңгейі 88,38 пайызды көрсеткен. Алысқа арбаламай іргелес жатқан Шымкент қаласын алар болсақ, шырайлы шаһар 2016 жылы еліміздегі «Ең қауіпсіз қала» атанған. Бұл уақытта Нұр-Сұлтанда 39 727, Алматыда 66 913 қылмыстық іс тіркелсе, Шымкентте 20 892 қылмыстық іс жасалған.
Ал өзіміз өмір сүріп, жұмыс істеп, қызмет етіп жатқан мекеніміз Түркістанның керек десеңіз Шымқаладан да озып кетердей мүмкіндігі бар. Ол үшін кез келген тұрғын тәртіпті өзінен бастауы керек. Мұның басты қозғаушысы заман талабы дегеннен гөрі, қаланың жаңа статусы дегеніміз дұрыс болар. Міне, кіріп келген тамыздан бастап жыл соңына дейін 500 камера көше-көшеде сіздің әрбір ісіңізді бақылайтын болады. Сонымен қатар, орталық көшелердің бойындағы 34 аялдаманы шыныдан жасау көзделіп отыр. Шаһарда 27 қиылыста бағдаршам болса, ағымдағы жылы 15 ескі бағдаршамды жаңалау жоспарланған. Сонымен бірге, қаланың 16 секторының барлығында стационарлық полиция бекеттері орнатылып, өзінің полиция наряды бекітілетін болады. Жалпы бүгінде қалада 2 бекет бар. Сол бекеттерді шыныға ауыстыру тапсырылған болса, оның бірі шыныға ауыстырылып үлгерді. Ашықтықты айқындайтын мұндай бекеттерге тұрғындар оң көзқарастарын танытуда. Сондай-ақ, әрбір полиция көліктерінде сенім телефондары орнатылатын болады. Жол техникалық инспекция бөлімінің мәліметінше, шара аясында 27 белгі, 2 жолақ қойылып, 2 бағдаршам жаңартылған. Сондай-ақ, Есім хан алаңы тұсынан жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам да қойылған. Ал 615 баппен екі күн ішінде, яғни 28 шілде күні – 28, ал 29-ы күні 31 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Енді аталған іргелі істер балаңыз көшеге шықса сізде еш уайым, қауіп туындамауын қамтамасыз етеді. Полицияға деген сенімді арттыруды көздегендер Түркістанның қауіпсіз қала боларына, барлық әкімшілік құқық бұзушылықтардың төмендейтініне сенімді. Ендеше, осы сенімді ақтауды әрбір жан өзінен бастаса екен.