Түркістан қаласында ойынханаға ойыншық тапаншамен шабуыл жасағандар ұсталды
Түркістан қаласында ойынханаға ойыншық қарумен қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды. Мәлімет бойынша 7 шілдеде таңғы сағат 04.58 шамасында 102 пультіне қала орталығында орналасқан ойын клубының кассирі хабарласқан.
«Жәбірленушінің айтуынша, бетперде таққан белгісіз біреулер ойынханаға қарақшылық шабуыл жасаған. Яғни, бетперде киген, қолында қаруы бар екі ер адам кіріп, айтқан талаптарын орындамаса дене жарақатын саламыз деп қорқытқан. Одан ары жас жігіттер арам ойын іске асырып, ойынханадағы касса жәшігін бұзып, ішінен 350 000 теңге ақшаны алып, ізін суытқан», – деді Түркістан қалалық полиция қызметкері.
Дерек ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігі «Қарақшылық» бойынша тіркелген.
Түркістан облысы Криминалдық полиция басқармасы мен Түркістан қалалық полициясының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Жақын маңдағы аумақтар қаралып, ықтимал куәлардан жауап алынды. Бейнебақылау камералары тексерілген. Жан-жақты жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде екі тәулік ішінде күдікті ретінде екі тұрғын анықталып, ұсталған.