Түркістан өңірі бойынша ҚАЖ департаментінің 3 қызметкері Қазақстан полициясымен түйдей құрдас. Олар бұл салаға әр жылдары келгенімен, бәрінің ұстанымдары бір – еліміздің ішкі тәртібіне жауапты. Қарап отырсақ, 30 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 23 маусым күні «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» заң қабылданып, осы күнді «Полиция күні» деп жариялаған кезде дүние есігін ашқан нәресте – бүгінде бір мамандықтың тізгінін ұстаған азамат атанып отыр. Олай болса, ішкі істер саласында ерен еңбек етіп, ел қорғаны болып жүрген полицейлермен таныс болыңыздар.
Полиция қызметкері Шымболат Асабаев:
Қазақ топырағында дүниеге келгеніме қуанамын
Егеменді елідің батырлары – ел қорғаған сақшылар. Осы батырлардың мерекесі алғаш аталып өткен жылы дүние есігін ашқандардың бірі – полицей Шымболат Асабаев.
– Қазақстан полициясының құрдасы атану – мен үшін үлкен мәртебе, әрі мақтаныш. Мен тәуелсіз қазақ елінің топырағында дүниеге келдім, ашық аспан астында, бейбіт күнде өмір сүрудемін. Кезінде ата-бабамыз сан мыңдаған жылдар бойы егемендікті аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен күресіп, еркіндікті, тәуелсіздікті аңсады. Мен бала кезімде тарихи кітаптарды көп оқитынмын. Сонда қазақ елінің қандай сындарлы кезеңдерді басынан өткізгенін оқып, олардың жанкештіліктеріне қайран қалатынмын. Бала кезімде халқымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғасам, тәуелсіздігіміздің қорғаны, еліміздің мықты қалқаны болсам екен деп армандаушы едім. Міне, бүгін балалық арманым орындалып, елімнің тыныштығын қорғау барысында еңбек етіп келемін, – деп әңгімесін бастады Шымболат.
Ол 1992 жылы 1 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келді. 2009 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданы Мырзакент кентіндегі Абылайхан атындағы орта мектепті бітіріп, ҚР ӘМ ҚАЖК Павлодар заң колледжінің құқық қорғау қызметі мамандығына оқуға түседі. Оқуын озат аяқтаған жас қызметкер білімін жетілдіру үшін Шымкент қаласындағы «Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы» университетіне құқықтану мамандығына оқиды. Сөйтіп, 2011 жылы оқумен қатар еңбек жолын да бастайды. ОҚО бойынша ҚАЖД Түркістан қалалық қылмыстық-атқару инспекция бөлімінің маман инспекторы болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Жас қызметкер қарапайым инспектордан аға инспектор лауазымына дейін көтеріледі. Ал 2017 жылы өзінің өсіп, балалық шағы өткен жері Мақтаарал ауданының пробация бөлімшесіне аға инспекторлық қызметке ауысады. Осы кезден бері аудандық пробация қызметінде аянбай еңбек етіп келеді.
Пробация қызметіне тіркеуге алынған әрбір сотталғанның қайта қылмыс жасамай, қоғамға бейімделуіне өз үлесін қосуда. Шымболаттың інісі аға жолын жалғаған полицей. Сауықбек Асабаев бүгінде Түркістан қаласы Полиция басқармасына арнайы айдалу тобының инспекторы қызметінде еңбек етіп келеді. Қос полицейді тәрбиелеген ата-ана ұлдарының қоғам тыныштығын қорғау жолын таңдағанына қуанады.
Шымболаттың әкесі Абдусалям Мамбетов мал дәрігері болып еңбек етеді. Анасы Ардак Мамбетова талай жылдан бері Н.Бекежанов атындағы №13 жалпы орта мектебінде мұғалім. Шымболат әйелі Тоқжан Шәймерден екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеуде. Оның ұлы әкесі секілді полиция қызметкері болуды армандайды.
Смаилов Даурен:
Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта береді. Осындай сенім мен алғысқа ие болғандардың бірі – Дәурен Смайлов. Ол 2020 жылы ойнап жүріп, үйінен адасып кеткен 3 жастағы баланы тауып, ата-анасына табыстады. Баласын іздеп алаңдаған ата-ана Дәуренге алғысын білдірді.
Алғысқа бөленген әділет капитаны Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында дүниеге келген. 1998 жылы Төлеби ауданы Леңгір қаласы №3 П.Тәжібаева атындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Дәурен 9-сыныпты аяқтап, Шымкент қаласының Техникалық колледжінің Мұнай-газ шыңырауларын бұрғылау мамандығына оқуға түседі. Даурен Асқарұлы бала кезден ішкі істер органдарында қызмет атқаруды армандайтын. 2011 жылы мұнай-газ саласы бойынша білім алып, қолына диплом алғанымен, бала кездегі арманы әрі өзіне жақын қызметті таңдайды. Сөйтіп, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ҚАЖД қарасты ИЧ-167/11 түзеу мекемесіне бақылаушы болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Өзінің біліктілігі мен ептілігінің арқасында Дәурен тәлімгерлерінен білмегенін үйреніп, өзін жақсы қырынан көрсетеді. Құқық қорғау саласындағы білімін жетілдіру мақсатында 2013 жылы Шымкент қалалық әлеуметтік педагогикалық университетінің заңгер мамандығы бойынша сырттай білім алады. Оқу мен қызметін де қатар алып жүреді. 2015 жылы ИЧ-167/10 түзеу мекемесінің БҚБ-ға ауысады. Ал 2017 жылы Төлеби аудандық пробация қызметіне инспектор болып ауысады. Қазір аға инспектор. Өмірлік жары Сымбат екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп келеді.
– Алғаш қызметімді бастаған уақытта аталған қызмет саласы үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты талап ететінін түсіндім. Көп жағдайлардың куәсі болдым, түскі үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейтін кездеріміз де болатын. Өзімізге жүктелген міндеттерімізден бөлек, қоғамдық жұмыстарға араласып, шараларға, күшейтілген режимдегі жұмыстарға да қатысатынбыз. Мұндай ауқымдағы жұмыстарды көрмеген, өмірге енді қадам басқан мен үшін қиын болғаны жасырын емес. «Қиындыққа төзе білген адам ғана нағыз маман иесі болады» деп әкем үнемі айтып отырушы еді. Алайда мен таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Себебі бұл – менің арманым. Бұл қызмет мені өсірді десем де болады. Себебі ақ пен қараның, жақсы мен жаманның аражігін айырып, айырмашылығын түсіне бастадым. Білікті де білімді ағаларымызға қарап бой түзедім, – деді Дәурен.
Саят Шырынбеков:
Біздің келесі сақшымыз – әке жолын қуған полицейдің бірі. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бала кезінен әкесінің қызмет барысындағы қызықты оқиғаларын естіп, полиция болуды армандап өскен батырдың бірі – Саят Шырынбеков.
Ол 1992 жылы оңтүстікте дүниеге келді. Шымкент қаласындағы №9 лицей-мектебінде білім алды. Он бір жылдық мектепті үздік бітіріп, ОҚМУ М.Әуезов атындағы университете заңгер мамандығы бойынша білім алады. Жоғары оқуды аяқтаған жас маман Шымкент қаласы ИЧ-167/11 түзеу мекемесіне бақылаушы болып жұмысқа қабылданады. «Жас келсе іске» демекші, жас қызметкер өзінің тәлімгерлерінен білмегенін үйреніп, тәжірибе жинақтайды
– Бұл мамандық менің бала кездегі арманым болатын. Себебі милиция формасын кигенде адамдар өте сымбатты болып көрінетін. Әкем Қайрат Шырынбекұлы ішкі істер органында 20 жылдан аса еңбек етіп, қазір ІІО-ның ардагері. Әкемнің қылмыскерлерді құрықтаған операциялары жайында айтқан қызықты әңгімелерін тыңдап өстім. Әкемнің әрбір айтқан әңгімесін ұйып тыңдайтынмын. Ол кісінің қызықты әңгімелері әлі күнге дейін менің есімде. Бала кезімде әкемнің айтқан оқиғаларынан ертегі тыңдағандай әсер алатынмын. Ол сол ертегінің хас батыры секілді көз алдыма елестейтін. Сөйтіп, бала кезден бері әке жолын жалғастырып, полиция қызметкері болуды мақсат тұттым. Бұл саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, халықтың тыныштығы үшін, жаза басып қателік жасаған жандардың түзелу жолына түсуіне көмектесіп жүргеніме қуанамын, – деді әділет капитаны.
Жүрегінде от жалындаған Саяттың алға қойған мақсаты да көп. Еліміздің тыныштығын сақтау барысында әлі де атқарылатын бірнеше жұмыстың барын да айтып өтті.
– Міне, ішкі істер саласында қызмет еткеніме де жеті жылдан аса уақыт болыпты. Қазақстанның әр жетістігінің, тарихи жаңару сәттерінің куәсімін. Әлі де талай белестерді бағындырып, дамыған елдердің қатарынан бой көрсетіп, халқымыздың әл-ауқаты жақсара түсетініне сенімдімін. Ал осы белестерді бағындыруда бақытты елдің ұрпағы ретінде титтей де болса үлес қосып, Қазақстан халқына абыройлы қызмет еткім келеді. Меніңше, жақсылыққа деген ниет болса, кез келген қиындықты жеңуге болады. Лейтенант атанатын кезімді есіме түсірсем, кеудемді ерекше қуаныш тербейді. Еңселі елдің ертеңгі Отан қорғайтын сақшысы болудың мағынасын терең сезіндім. Ал Қазақстан полициясының құрдасы болу басқа қатарластарыңа қарағанда одан да үлкен міндеттің жүктелетінін сезінесің, – деді Саят Қайратұлы. Бүгінде Дәурен, Шымболат және Саят әулетінің ғана емес, халқының азаматы болып, еліне адал қызмет етіп жүр. Олар өз ұжымында сыйлы, беделді маман иелері. Сондай-ақ әділет инспекторлары бос уақытында спортпен айналысып, саламатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат етеді. Жалпы, полиция қызметкерінің тек заңды білмей, спортқа жақын, шымыр денелі әрі жылдам болуы құптарлық жайт. Ендеше Қазақстан полициясымен бірге қанат жайып, биік белестерді бағындырып келе жатқан Дәурен Смайлов, Шымболат Асабаев және Саят Шырынбековке тек абырой биігінен көріне бер дегіміз келеді. Қателік жасап, сотты болған азаматтардың санын азайтуда мінсіз қызмет ететіндеріне сеніміміз мол.