Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер көбейіп келеді. Әсіресе жастар арасында көп. Бірі идея іздеп жүрсе, бірі қаражат іздеген, бірі бизнес тренингтерге қатысып, білім жетілдіріп жүр. Сондай жастардың бірі — Аслан Есжанұлы. Үш бірдей компанияның иесімен бизнес бастау, дамыту, идея іздеу, инвестор тарту туралы сұхбаттасқан едік.
– Аслан мырза, 2015 жылғы ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда кәсіпкерлер орта есеппен 40 жаста. Мұны жастардың кәсіпке құмарының жоқтығымен түсіндіреміз бе, әлде бізде «бизнесті ақшасы таусылғандар ғана бастайды» деген түсінік бар ма?
– Негізінен, ақшаңыз болмаса, міндетті түрде кәсіп бастау керек. Ал қаражатыңыз болса, кәсіп бастауға мүмкіндігіңіз одан да көп. Бізде кәсіпкерлер көбіне орта жастағы азаматтар екені рас. Себебі, бірінші оқу бітіреді, жұмысқа тұрады да, 10 –15 жыл қызмет етеді. Сонан соң өзін кәсіп бастап, тәуелсіз жұмыс істеп жүрген замандастарымен салыстырады. Осылайша, кәсіпкерліктің дұрыс жол екенін көз жеткізіп, ақырындап келе бастайды.
– Бірақ жастар да көбейіп келеді. Көпшілігі «кәсіпкер болғым келеді, идеяны қайдан алсам болады?» дейді.
– Мәселелерден. Себебі ақша белгілі бір проблемалар шешілген кезде ғана төленеді. Əрбір кәсіпкер өз деңгейінде белгілі бір мəселе шеше алуы тиіс. Əлемде шешетін мəселе көп, бірақ оны шешу үшін олар қайдан туатынын түсіну керек.
– Ал идеясы бар, бірақ қаражаты жоқ азаматтар инвестицияны қайдан тартса болады?
– Ағайын және достардан жинау немесе банктен несие алу. Қаражатыңыз бен идеяңыз арқылы серіктес табуға да болады. Болашақ өніміңізге алдын ала сұраныс туғызып , арнайы ұсыныс жасап, қаражатты тұтынушылардан жинау. Егер идеяңызға сенімді болсаңыз, осы жол ең тиімді. Бұл жерде ең маңыздысы сізге сенім артуға бола ма, жоқ па? Қаражат тартудың сыры осыда.
– Бизнес бастағысы келген адамдар кеңесті қайдан алса болады?
– Тәжірибелі кәсіпкерлер мен нарықты меңгерген менеджерлер жақсы кеңесші бола алады.
– Бизнес бастау үшін ой, идеядан басқа қандай әрекет керек?
– Кəсіп бастағыңыз келетін саланы терең зерттеп, сол салада қызмет ету керек. Сіз кəсіп иелеріне жақын болудың амалын жасауыңыз керек. Мəселен, кафе ашқыңыз келсе, алдымен даяшы болып, кейін бармэн, сосын аспаз да болып көру керек. Ең болмаса, еден жуып болса да сол кафе ішінде кемі жарты жыл болу тиіс. Сонда ғана сол кәсіптің қыр-сырын ұғатын кəсіпқой боласыз.
– Инвесторларды қандай жобалар қызықтырады?
– Табысты жобалар. Инвесторларды тәуекелі төмен, табысы көп жəне салған қаражатын тез қайтаратын жобалар қызықтырады. Бұл жерде сала немесе жоба маңызды емес. Сол жобаның артында тұрған, сол жобаны жүзеге асыратын адамдар маңызды.
– 1 млн теңгеге қандай бизнес бастауға болады?
– Франшиза алуға болады. Алып сатумен де айналысуға болады. Бірақ мен егер кəсіп бастағанға тек 1 млн теңгем болса, алдымен өз біліміме салатын едім. Ол үшін былай жасар едім еді: жетістікке жеткен кәсіпкер тауып, онымен «маған бәрін үйрет, мен сенің жарты жылға құлың болайын. Ақы төлеме. Тек бір талабым бар саған – үйрет» деп келісер едім. Ал мен 1 млн теңгеге жарты жыл шығындарымды өтеп өмір сүретін едім. Бұл біліміме құйған қаражат болатын еді. Ең тамаша жол – осы.
– Қазақстан нарығының өзге елдердікінен қандай ерекшелігі бар?
– Халық аз, ал ресурс көп. Шикізат көп өндіреміз. Салық жүйесі өте тиімді. Кәсіптің көп түрі аутсорсқа өтіп жатыр және көп кәсіпкерлер таза нарықтың бәсекесіне шыдай алмайды. Өйткені көбісінің кәсібі мемлекеттік мекемелер немесе ұлттық компаниялар жариялайтын тендерлер төңірегінде шоғырланған. Алдын ала келісіліп, тендер ұтып жасалады көп кəсіп. Ал ондай «нарыққа» жəй адам шыға алмайтыны белгілі ғой.
– Еліміздің кәсіпкерлік саласында аймақтық фактор, яғни халықтың территориалды ерекшеліктері қаншалықты маңызды?
– Нарыққа терең зерттеуден соң келу қажет екені сөзсіз. Кейде облыстардың ұлттық құрамы мен халықтың әлеуметтік жағдайын ескеретін кездер болады. Одан бөлек, ОҚО кәсіпкерлері нарыққа бейімделгіш, іске ширақ екені көрініп тұрады. Себебі, басқа облыстар мен қалаларға ең көп баратын – солар. Нарыққа тың тауар мен жаңа ойыншы келгенде оны тұтынушылар тез қабылдайды. Сондықтан жас кәсіпкерлер өзіне ыңғайлы өмір сүру ортасын тастап, жаңа жерді басынан зерттеп үйреніп болған соң кәсіпке кіріскені дұрыс.
– Қазақстан нарығында қандай кәсіп түрлері тиімді?
– Ақпараттық технологиялар саласы мен ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп экспорттау – сұраныс көп, табысы толағай кәсіп түрлері. Мен білетін сала осы əзірше. Бəлкім басқа да тиімді сала көп шығар. Бірақ мен ол кәсіптің түрлерінен толық хабарым жоқ. Себебі, кәсіпкер өзі кіретін нарық пен таңдаған саласын жақсы меңгерсе жетіп жатыр.
– Ал кәсіпкердің идеясы сол алаңдағы басқа ойыншылардан несімен ерекшелену қажет?
– Сол идеяны нарықта танымал ететін брендімен, тауарын, не қызметін өткізуде пайдаланатын маркетинг жолдарымен жəне əр клиентіне деген ықыласымен ерекшелену керек.
– Басқа елдердің нарығын көріп жүрсіз, Қазақстанда кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестіктің басқа елдерден қандай айырмашылығы бар?
– Бізде нарықта таза бәсекелестік жоқтың қасы. Мəселен, тендерлер баршаға қолжетімді дей алмаймын. Ал корпоративтік клиенттерге жолды тек қана «шешетін» адамдар арқылы табуға болады. Сол үшін ең басында айтқаныма оралайын: кез келген мәселенің артында не адам, не ақша тұрады. Əсіресе біздің елде сен не білетінің емес, кімді танитының маңыздырақ.
– Кәсіпкерде алдымен қандай қасиеттер болу қажет?
– Өзіңізді өзгелерге іс адамы ретінде көрсетіп, таныстыра біліңіз. Турасын айтқанда, өзіңізді «сата» білу. Қадалған жеріңнен қан шығара білу, яғни іс жолында табандылық таныту. Жəне ең алдымен байлыққа, дəулетке, ақшаға, кедейлікке деген дұрыс көзқарас қалыптастыру маңызды. Əрине, келіссөз жүргізе білу аса қажет қасиет.
Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»