Келес ауданында 70 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие берілді.
Келес ауданында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша биыл 70 маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алды. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында көтерме жәрдемақы 59 азаматқа тағайындалған.
«Ауылдық аумақтарды дамыту бойынша жаңа шаралар қабылдау әрі оларды үйлестіру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауданымызда кеңінен жүзеге асырылып, көптеген жас мамандар баспанамен қамтылуда. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт саласындағы маман ауылдық елдімекенге жұмысқа орналасқан жағдайда «Дипломмен ауылға» жобасы аясында бір реттік көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 0,01% жылдық сыйақы мөлшерімен 15 жылға дейінгі мерзiмге бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар», — деді аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Азамат Мұратов.
Айта кетейік, әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған маман ауылдық елдімекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.
Бағдарламаның басты шарты — маман жұмыс орнында 3 жыл көлемінде үздіксіз жұмыс атқаруы керек. Аталған бағдарламаға қатысқысы келген жас мамандар egov.kz платформасы арқылы өтінім бере алады.