Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында Сауран ауданының үздік жастары марапатталды.
Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында кәсіби және қоғамдық жұмыста өзін-өзі көрсете алған, ғылым, саясат, өнер, спорт салалары бойынша айтарлықтай жетістіктерге жеткен жастарды марапаттау іс-шарасы өтті. «Жыл үздігі – 2022» шарасында алдымен жас кәсіпкерлердің қолдарынан шыққан бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Бұдан соң аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы А.Дүйсенбекова орталықтың жыл көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады. Айтулы жиынға аудан әкімі Ғ.Рысбеков қатысып, игі тілегін білдіріп, жыл үздіктерін марапаттады.
«Болашағын ойлаған халқымыз «Асыл тастан, ақыл жастан» деп әрдайым жастарға үлкен сенім артып, олардың өмірге деген құлшынысына қанат бітіріп отырған. Мемлекет басшысының «Біздің болашағымыз – жастар» деген жалынды сөзі мен ерекше аялы қамқорлығы жастардың жігерін ұштап, олардың әрбір істе биіктерден көрінуіне серпін берді. Елімізде жұмыс жасап жатқан жастардың қоғамды дамытудағы үлесі мол. Сондықтан «Жастар қоғамның қозғаушы күші» екенін айтқым келеді», – деді Ғани Құрмашұлы.
Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» жастармен тығыз жұмыс атқарып келеді. Аталмыш орталық аудан жастарын патриоттық рухқа тәрбиелеу, имандылыққа баулу бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Соның арқасында жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа баулу, олардың рухани мәдениеттерін арттыру сияқты мұратты істерде бірқатар жетістіктерге жеткенін айтумыз керек. Шара соңында арнайы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.