Шымкент қаласында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмыстары қарқынды жүзеге асуда.
Атап айтар болсақ, өткен жылдың өзінде мобильді операторлармен бірлесе қаладан шалғай орналасқан 14 елді мекенге антенна-мачталық құрылғы мен базалық станция орнатылды. Нәтижесінде 71 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернет желісіне қосылды. Олар Асар, Ақниет, Тұран, Азат, Ынтымақ-2, Игілік, Шапағат, Достық (автоцон), Ақжар, Ақтас және Ақжайық шағынаудандары.
Ал, биыл мобильді операторлармен бірлесе интернет сапасы төмен 29 нүктеге базалық станция орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда келісім жүргізіліп жатыр.
Қалалық цифрландыру басқармасының мәліметінше, жуырда шаһар орталығына 5G технологиясымен 10 базалық станция орнатылмақ. Қазіргі сәтте станция қойылатын нүктелер анықталып, құрылғылар орнатылуда. Алдағы екі айда монтаж жұмысы аяқталып, жоғары жылдамдықтағы интернет іске қосылады.