Түркия мемлекеті Қазақстанға 6 мың киіз үйге тапсырыс берді. Үйлердің тиімділін білген ресми Анкара қазақтың ақбоз үйлерін сатып алмақ. Киіз үйлерге жер сілкінісінен баспанасыз қалған жанұяларды орналастырады.
Ресми мәлімет бойынша екі миллионға жуық отбасының баспанасы зілзаладан қирап қалған. Апатты жағдайда тұрған үйлердің саны әлі тексеріліп жатыр. Мыңдаған жанұяны орналастыратын орын киіз үйлер болып шықты. Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі әлі толық тоқтаған жоқ. Шошып қалған халыққа баспана салып бергенше киіз үйлерге мүмкіндігінше көбірек қоныстандырмақ.
«Зілзала бола қалған кезде біз шұғыл іске кірісіп, 100 қазақ үй мәселесімен айналысып кеттік. Авиация саласында 12 жылдық тәжірибем бар. Қиналған елге көмек көрсету туралы ақпаратты оқып, жауапкершіліктің бірін мойныма алдым. Түркия Президентінің ұлы Біләл Ердоған мен оның көмекшілеріне шықтық. Бекболат Тілеухан Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының вице-президенті болғандықтан Ердоғанға тікелей шығып, ауыр жүк ұшағын, ерікті топты зілзала болған аймаққа жеткізу бойынша рұқсат алды. Дүние жүзінен жүк жеткізу көбейіп, Түркияның билігі өте қарбалас болса да Қазақстанға ауыр жүк ұшағын бөлгізді», — деді ұлттық әуе компанияның аға бортсерігі Гүлім Қайырденқызы.
Осыған дейін Түркияға жүзден астам киіз үй апарып тіккен ұйымдастырушы топтың сөзінше, қазақтың үйлері түркиялықтарға ұнаған. Қазір ол жерлерде зілзаладан жапа шеккен халық сыйғанынша тұрып жатыр. Ресми мәлімет бойынша жер сілкінген аймақта екі миллиондай отбасы баспанасыз қалған.
«Қазақ үйлер жазда салқын, қыста жылы. Ауа алмасып тұрады. Еңселі ақбоз үйлерді баспана ретінде қабылдайды. Бірінің үйіне бірі қонаққа барса да қысылмайды. Сосын адамға рух береді. Баяғыда Алтайдан көшкен анадолылықтарға өздерінің байырғы үйлерін, түркілердің тіршілік кешкен баспанасын қайта апардық. Ең бастысы, қазақ үйлер зілзалаға төзімді, өмірге қауіпті емес. Ал кейбір адамдар Түркияға палатка апару керек деп байбалам салды. Біріншіден, апарсын, оларға ешкім қол байлау болып тұрған жоқ. Екіншіден, палатка ыңғайсыз, ауа алмаспайды. Кіріп-шыққан сайын адамның соғыс, апат немесе өзге де қаралы жағдайда тұрып жатқанын еске салып, адамның еңсесін езе береді. Сосын жазда ыстық, қыста суық. Бірнеше адам тұрған соң палаткада иіс шыға бастайды», — деді «100 қазақ үй» акциясын ұйымдастырушы Нұрбек Бекбау.
Түркия билігі мыңдаған киіз үйді өздері сатып алмақ. Үйлерді дайындаумен Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы мен ерікті топ айналысып жатыр. Бірақ 6 мың киіз үйдің қанша уақытта дайын болатыны нақты белгісіз.
«Түркия халқының басына іс түскенде түркиялық әуекомпанияның президенті Ахмет Болат мырза, Алматыдағы әуежайдың бас директоры Угур Жантимур, КАРГО ұшағы бойынша жауапты Корай Дурсун, әуе билеттерді брондау және сату менеджері Ахмет Дурсунов сынды азаматтар көмектерін аямады. Осы адамдармен байланысу арқылы қазақ елінің атынан жиналған көмекті апара алдық. Соның нәтижесінде біз Кахраманмараш қаласына жүзден астам киіз үй апарып тіктік, қайырымдылық шараларын жасадық. Қазір ол үйлерде халық тұрып жатыр. Басты нәтиже осыда. Қазақ үйлердің тиімділін көрген Түркия билігі тағы алты алты мың киіз үйге тапсырыс берді. Оларды дайындау үшін Моңғолия, ҚХР сынды мемлекеттерге қосымша шықтық. Елімізде киіз үйлерді жасайтын фирмаларға тапсырыс бердік», — деді ұлттық әуе компанияның қызметкері Гүлім Қайырденқызы.
Ел атынан барған ерікті топ қауіпті аймақта жұмыс істеп, жоспарды орындап қайтты. Қамыққан халыққа қазақ халқының атынан жұбату айтты. Төтенше жағдай кезінде тоқтаусыз еңбек еткен ерікті топты Д.Қонаев атындағы Халықаралық қор марапаттады.
«Құдай мұндай зілзаланы ешкімнің басына бермесін. Жер сілкінген жердегі қайғы-мұң бітпейді, ауыр трагедия. Осындай қиын сәтте жанұяларын тастап, алапат апат болып жатқан аймаққа барып, елге көмек көрсетті. Өйткені мұндай қауіпті жерге екінің бірі бара алмайды. Мұндай отаншыл, намысқой жігіттердің шешуші сәтте ауыр сапарға шығуы түркиялықтарға жұбаныш болды. Ел марқайды, халықтың көзі, көңілі сол апат аймағына кеткен топта болды. Сондықтан осындай сәтте ерлерді елемесек елдігімізге сын. Ел ағалары ақылдасып, Қонаев атындағы орденмен марапаттауды жөн деп шештік. Үкімет арқылы барған топты мемлекет ақшалай сыйлықпен және атақпен марапаттап жатыр. Біз өз еркімен барған топты марапаттағымыз келді. Түркияда жайнап, қаз-қатар тұрған үйлерді көргенде көзімізге жас үйіріліп, көңіліміз толқыды», — деді Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Шатырхан Керімбеков.
Айта кетейік, Түркияда жойқын жер сілкінісінің салдарынан қаза болғандар саны 43 мыңнан асты. Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Екиджи өз сөзінде қазақстандықтар жер сілкінісінен зардап шеккен түркиялықтарға 5 млн доллар жинап бергенін мәлім етті.