Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала халқын жеке мәселелері бойынша алғашқы бірыңғай қабылдауын “Көрме” орталығында сағат 9:00-ден бастап өткізуде.
Түске дейінгі уақыттың өзінде 150-ден астам азамат қабылдауға келді. Оларды қала әкімі және салаға жауапты әкім орынбасарлары, басқарма басшылары, Шымкент қаласының прокуратура және қалалық полиция департаменті қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдауда.
Осы мерзім аралығында тұрғындар тарапынан бизнес бастауға грант алу мүмкіндігі, арнайы әлеуметтік көмек түрлеріне жазылу, жер телімдерін заңдастыру, жер телімдерінің нысаналы мақсатын ауыстыру, тұрғын үйге кезекке тұру, баспананы жалға алу, жылыту маусымындағы жылу жүйелерінің сапасы секілді басқа да өзекті мәселелер көтерілді. Денсаулық пен білім беру салаларындағы бірқатар проблемалар да айтылды.
Барлық мәселенің шешілу жолы заң шеңберінде қаралып, тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты саралана отырып хаттамаға енгізіліп отыр. Хаттамаға енгізілген кейбір сауалдар шешімін бірден тауып жатса, кейбірі ұзақ мерзімді қажет етуде.