Кентауда «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында жолдар құрылысы жалғасады.
Кентау қаласында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Хантағы ауылының 3 көшесіне және Ащысай ауылының 4 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілу жоспарлануда. Одан бөлек, 2022-2023 жылға қаланың жолдарына орташа жөндеуге 5 көшеге қаржы қаралған болатын. Жұмыстар жалғасады. Қазіргі уақытта Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы көпірге сметалық құжаттама әзірленуде. Жол жүру қауіпсіздігін сақтау мақсатында қаланың ішкі көшелеріне және білім беру мекемелерінің алдына «Жасанды жол кедергісі» мен 500 дана жол белгісін орнату бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жалпы Кентау қаласында 2023 жылы МЖӘ жобасы аясында 11,6 шақырымды құрайтын 19 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. «Түркістан қаласына Кентау қаласы жағынан 24 км кіреберіс жолды реконструкциялау» нысаны Кентау тұрғындарын халықаралық әуежаймен қосатын маңызды жобалардың бірі. Жолдың жалпы ұзындығы – 26 шақырым. Нысандағы жұмыстар 2021 жылы басталып, 2022 жылы 26 шақырымға екі қабат асфальт толық төселіп, уақытша көлік қозғалысына берілген. Осы жылы 3-ші қабат асфальт төсемі салынып, толық пайдалануға тапсырылатын болады.
Одан бөлек, Кентау-Ащысай бағытындағы жол құрылысы осы жылы жалғасын табады. Жолдың Ойық-Құсшы ата елді мекендері аралығындағы ұзындығы 31 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстары 2022 жылдың қыркүйек айында басталып, 21 шақырымына бір қабат асфальт төсемі салынған. Жұмыстар ауа райы жылыған кезде жалғасатын болады. Жыл соңына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беріледі.