Шымкентте жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер, жаңғыртылатын және күрделі жөндеуден өтіп жатқан обьектілердің сапасына бақылау күшейтілді. Бұл туралы Шымкент қаласының орта сапасы және бақылау басқармасы мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын әзірлеу жүргізілуде. Стандарттар тартымды және ыңғайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыруды, жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамытуды ескере отырып, ықшам құрылысты жобалаудың қарапайым және көрнекі құралы болады.
Қазіргі таңда қала аумағындағы құрылыс сапасын бақылау бойынша техникалық қадағалаушылар объектілерге ай сайын мониторинг жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан 585 нысанға (оның 118-і бюджеттік нысандар, 467-і жеке нысандар – 467) мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде басқарма тарапынан 43 (сапасына қатысты – 4, заңсыз құрылыстарға қатысты – 39) құрылыс объектісі бойынша 118 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған (8 866,5 АЕК – 30 589 425 теңге).
Оның ішінде, құрылыс сапасына қатысты 4 құрылыс нысаны бойынша 5 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 1950 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Ал, қала аумағындағы заңсыз құрылыстарға қатысты 39 құрылыс нысаны бойынша 113 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жауаптылар 6 916,5 АЕК айыппұл арқалаған.
Айта кетейік, басқарма ҚР «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 34-бабына сәйкес, авторлық қадағалаушы тұлғаларға және Заңның 34-1 бабына сәйкес, техникалық қадағалаушы тұлғаларға құрылысқа қатысты міндеттерін өз деңгейінде атқаруға ескертулер тұрақты жолдануда.