Қала аумағында өз бетінше құрылыс салу, рұқсатсыз аула немесе көшелерді қазу, құрылыс пен жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарын орындамаған тұлғаларға заңнамада белгіленгендей шара көріледі.
Шымкент қалалық Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы мәліметінше, шаһарда 2022-2023 жылдары 30 нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы сотқа талап арыз берілген. Бұл жөнінде Шымкент қалалық баспасөз хатшылығы хабарлады.
Бекітілген жоюдан ауытқу, мемлекеттік нормативтерді бұзу, құрылыс материалдарын үйiп тастау да заңсыз әрекетке жатады дейді жауаптылар.
Мамандардың айтуынша көп жағдайда құрылыс алаңдарының шыға берісінде көлік құралдарының дөңгелектерін тазалау, жуу пункттерімен жабдықтамау, қоқыс жинау бункерлерін орнатпау, құрылыс жүріп жатқан іргелес аумақты тиісті жағдайларда тазаламау сияқты бұзушылықтардың жиі орын алатынын айтады.
Жыл басынан бері жалпы 43 (сапасына қатысты – 4, заңсыз құрылыстарға қатысты – 39) құрылыс объектісі бойынша 118 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. (8 866,5 АЕК – 30 589 425 теңге).
Жалпы, әкімдік тарапынан 2022-2023 жылдары 30 нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы Қазақстан Республикасының азаматтық Кодексіне сәйкес, бұзу туралы сотқа талап арыз берілген. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 14 нысанды мәжбүрлеп бұзу бойынша сот шешімі шыққан және қалған 16 нысан бойынша талап арыздар сотта қаралуда.
Заңсыз құрылысқа қатысты сот шешімі шыққан 14 нысанның ішінде 8 құрылыс нысаны бойынша мәжбүрлеп бұзылып соттың шешімі орындалған болса, қалған 6 нысанды мәжбүрлеп бұзу бойынша Шымкент қаласының Әділет департаментінің атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімінде қаралу үстінде.