Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов индустриалды аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша арнайы жиын өткізді деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз хатшылығы.
Басқосуда бизнеске қолайлы жағдай жасауда атқарылған жұмыстар баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Жиында қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы қаладағы «Жұлдыз», «Бозарық», «Тассай» индустриалды аймақтарына инфрақұрылым жүйелері тартылып, ондағы ауыз су, электр және табиғи газ, кәріз жүйелерінің құрылысы өндістік кестеге сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ басқарма басшысы қалада сауда логистикалық орталығының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатқанын жеткізді.
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауда атқарылып жатқан шаралармен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға аймақтардағы жұмысты үйлестіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
“Кәсіпорындар электр қуатын тиімді пайдалану қажет. Қолданылмайтын қуат көздеріне шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізіңіздер. Өндіріс орындарын аймақтарға шоғырландыруды жүйелі ұйымдастыру керек” – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы мен аймақ басшыларына индустриялды аймақтардағы өндіріс орындарына жағдай жасау мақсатында теміржол тұйығын жүргізуді ұйымдастыруды және ондағы құрылыс талаптарын қатаң бақылауды тапсырды.
Қала әкімі кәсіпкерлердің тиімді жобаларына жан-жақты қолдау көрсетілетінін және бизнеске қолайлы жағдай жасау қала әкімдігінің басты назарында тұрғанын жеткізіп, берілген тапсырмалар бойынша екі аптадан кейін индустриалды аймақтарды аралап, құрылыс барысын тексеретінін жеткізді.