Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов реновациялау бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің инфрақұрылым жүйелерін жүргізу бойынша арнайы жиын өткізді. Басқосуда бағдарламаны іске асыру тетіктері мен құрылыс барысы талқыланды.
Қазір қала аумағында тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында тозығы жеткен 6 үйді бұзып, заманауи талапқа сай жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр.
Құрылыс жұмыстары жергілікті халықтың келісімі негізінде жүргізіледі. Жаңа бағдарлама қала көркін қашыратын ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға бағдарламаны тиімді іске асыруды, инженерлік жүйелер құрылысын талаптарға сай жүргізуді тапсырды.
Айта кету керек, қаламызда 2021 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында коммуналдық тұрғын үй қорындағы 10 көпқабатты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу 25 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болса, 2022 жылы 42 көпқабатты тұрғын үй қайтарымсыз негізде ағымдағы жөндеуден өтті. Аталған тұрғын үйлер Нұрсат шағын ауданында орналасқан.
Дәл осындай жұмысты 2023 жылы қалалық коммуналдық баланстағы 20 көп қабатты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда бұл бойынша бюджеттік өтінімдер ұсыну жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік 2022 жылы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен Шымкент қаласы әкімдігі реновация бағдарламасын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойған болатын. Жалпы Реновация бағдарламасының мақсаты – тозығы жеткен тұрғын үйлердің меншік иелерін тұрғын үй қорын жаңарту арқылы жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету.
Айта кетерлігі – ескі үйлер міндетті түрде баспана иесінің келісімімен сүріліп, орнына жаңа үйдің құрылысы жүргізіледі. Тұрғындар уақытша баспанамен қамтылып, тұрғын үйлер толығымен пайдалануға берілген соң баспаналарына қайта қоныстана алады немесе тең пәтер қарастырылады.