Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте аудандарда осы аптада ретсіз сауда мен санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Бұған дейін қала аумағындағы тазалық шараларына 300-ден астам адам мен 50-ден аса техника жұмылдырылған болатын. Арнайы бригадалар 40-қа жуық секторда жұмыс жүргізіп, тұрмыстық қалдықтар көпқабатты тұрғын үйлерден күн сайын, ал жеке секторлардан аптасына 1-2 реттен жиналуда.
«Туындаған мәселелерді дер кезінде шешу үшін халықпен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, қандай да бір шешім қабылдауда тұрғындардың пікірін ескеріңіздер. Әр ауданда өзекті мәселелер бойынша арнайы мониторинг жүргізіліп отыруы тиіс» – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы қала тазалығын сақтауда қоғамдық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін жеткізуді және сонымен қатар жауаптыларға аудандардағы ретсіз саудамен күресті жою үшін рейдтік шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.
Қазіргі уақытта үшінші мегаполистегі магистральды көшелерде санитарлық, механикалық және қолмен тазалау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Арнайы бригадалар газондарды ору жұмыстарымен және ағаштар мен жасыл желектерді зиянкестерден, күннен қорғау үшін әктеуге кірісті.
Мұнан өзге қаладағы жауын- шашын салдарынан су алу қауіпі бар аумақтар да қатаң бақылауға алынған.
Қазір қаладағы 443 магистральды көшенің тазалығына 5 мердігер мекеме бекітіліп, орталық көшелерді тазалау жұмыстарына күн сайын 1500-ге жуық жұмысшы мен 100-ден аса техника жұмылдырылуда.
Сондай-ақ ішкі орам көшелер мен қоғамдық орындарда, көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторларда тазалық жұмыстары кестеге сай жүргізілуде дейді Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшылығы.