Шымкент қаласында сұйытылған газ саудасымен 224 станциясы бар 29 компания айналысады. Бүгінде соның ішінде 8 компанияға қарасты 76 станцияда газ бар және тұтынушыларға еркін сатылып жатыр.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
Оның айтуынша, тағы 6 компанияға қарасты 55 газ станциясында сұйытылған газ талон бойынша босатылса, басқа станцияларда газ жоқ.
Ресми мәліметке сүйенсек, тапшылықтың туындауына Шымкент қаласында газбен жұмыс істейтін көліктердің көбеюі себеп болған. 2022 жылдың сәуір айында Шымкентте осындай көліктердің саны 47 мыңды құраған еді. 2023 жылдың ақпан айында сұйытылған газбен қозғалатын көліктердің саны 51 300-ге жеткен. Ал, Шымкент қаласына бөлінген квота айына 6 500 тонна күйінде қалып отыр.
Осыған орай, Шымкент қаласының әкімдігі Энергетика министрлігіне қосымша 1 мың тонна сұйытылған газ бөлу туралы өтінім жолдаған. Әзірге 360 тонна қосымша сұйытылған газ бөлініп, ол Павлодар зауытынан шығып, Шымкентке қарай тасымалдануда.
Оған қосымша, Шымкент мұнай өңдеу зауыты 15 сәуірге дейін жөндеуге тоқтатылған еді. Елдегі жағдайға байлансты бұл зауыт 8 сәуірде мерзімінен бұрын іске қосылып, 9 сәуірден бастап өз өнімдерін нарыққа шығара бастайды.
М.Исаховтың айтуынша, осы екі мәселе толық шешілгенде Шымкентте сұйытылған газ тапшылығы жойылады.
Ал, осы сәтте Шымкент қаласы әкімдігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасында газ және газ мотор отыны саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды. Басқосуға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов және ұлттық компанияның басқарма төрағасының орынбасары Акбар Төлегенов және өзге де жауаптылар қатысты.
Алдағы уақытта меморандум негізінде компания бөлінген жер учаскелеріне автомобильдік газ толтыруға арналған 3 компрессорлық станциялар салуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде қалада сұйытылған газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.