Еліміздегі үш ірі мұнай өңдеуші зауыттың бірі Шымкенттегі «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС көктемнің басында жоспарға сай ағымдағы жөндеуге байланысты өндірісін уақытша тоқтатқаны елімізде біршама уақыт авто жанар май құю бекеттерінде кептеліс орнатып, жанар-жағар май тапшылығы орын алған болатын.
Жоспарлы жөндеу жұмыстарынан кейін қайта іске қосылған Шымкент мұнай өңдеу зауыты тәулігіне 17 700 тонна мұнайды өңдеп, өнімнің барлығын ішкі нарыққа шығарып жатыр деп хабарлайды “Шымкент келбеті” газеті.
Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы сұхбат берген «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС-інің техникалық директоры Бақыт Ерегенов мәлімдеді.
–Шымкент мұнай өңдеу зауытында 15 наурыз бен 8 сәуір аралығында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы мерзім аралығында отандық нарықта дизель отыны мен сұйытылған газ тапшылығы байқалды. Жағдайды ескере отырып, зауыттағы жөндеу жұмыстарын барынша жылдам жүргізуге күш салдық. Осылайша, белгіленген мерзімнен 1 күн бұрын жұмысты аяқтап шықтық. Қазір зауыт толық қуаттылығымен жұмыс істеп тұр, тәулігіне 17 700 тонна мұнай өңделуде, – деді Б.Ерегенов.
Шығарылған өнімдердің барлығы да тек ішкі нарыққа жөнелтіліп жатыр. Мәселен, 10 сәуірде 1600 тонна дизель отыны, 220 тонна сұйықталған газ өндірілді. Бұл өнімдер толықтай Түркістан облысы мен Шымкент қаласының нарығына шығарылған.
Техникалық директордың айтуынша, зауытта тәулігіне 6 200 тонна – бензин, 5 600 тонна – дизель отыны, 1 150 тонна – авиакеросин және 820 тонна сұйытылған газ шығарылады.
Жалпы, зауытта сәуір айының соңына дейін 366 мың тонна мұнай өңдеу жоспарланып отыр. Оның 11 мың тоннасы бензин, 115 мың тоннасы дизел отыны, 19 мың тоннасы авиакерасин және 15 мың тоннасы сұйықталған газ. Бұл елдегі жанар-жағармай және сұйытылған газ тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Шымкент қаласында сұйытылған газ тапшылығы орын алғанын хабарлаған болатынбыз. 2023 жылдың ақпан айында сұйытылған газбен қозғалатын көліктердің саны 51 300-ге жеткен. Ал, Шымкент қаласына бөлінген квота айына 6 500 тонна күйінде қалып отыр.
Осыған орай, Шымкент қаласының әкімдігі Энергетика министрлігіне қосымша 1 мың тонна сұйытылған газ бөлу туралы өтінім жолдаған. Әзірге 360 тонна қосымша сұйытылған газ бөлініп, ол Павлодар зауытынан шығып, Шымкентке қарай тасымалдануда.
Шымкенттік «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС зауыты бүгінгі таңда ішкі нарықтың 40 пайызын қажетті мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.