Бозарық шағынауданында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қазір мұнда мемлекет бюджеті есебінен 49, жеке инвесторлар тарапынан 58 көпқабатты тұрғын үй салынуда.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекеннің даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Биыл шағынауданында 9 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жоспарланған.
Жыл соңына дейін олардың 5-еуінің құрылысы аяқталады. Былтырғы жылы осы аумаққа газ, су, электр, кәріз жүйелері жүргізілген, қазір мұнда ішкі орам жолдары салынуда.
Жоспарға сәйкес алдағы уақытта шағынауданда мектеп, емхана, спорт кешені бой көтереді. Құрылыс қарқынымен танысқан қала әкімі жауаптыларға ең алдымен, жұмыстарды өндірістік кестеге сай жылдамдатуды ескертті.
Сондай-ақ жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан көпқабатты үйлердің эскизін бекітіп, барлық нысандардың сапасын, сәулеттік ерекшеліктерін қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік 2023 жылы Шымкент қалалық құрылыс басқармасы тарапынан жалпы көлемі 254,2 мың шаршы метрді құрайтын 3342 пәтерлі 72 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Құрылыс салуға мемлекеттік бюджет есебінен жалпы 12,9 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде:
— арендалық 29 үй немесе 1364 пәтер (олар: Тұран ықшам ауданындағы — 6 үй, Бозарық мөлтек ауданындағы — 23 үй);
— кредиттік 43 үй немесе 1978 пәтер (олар: Тұран ықшам ауданындағы — 12 үй, Бозарық мөлтек ауданындағы — 31 үй).
Сонымен қатар, жыл қорытындысымен салынатын 72 тұрғын үйден 3072 пәтерлі 67 тұрғын үйді (кредиттік – 38 тұрғын үй мен арендалық – 29 тұрғын үй) пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жұмыс жасайтын жастар үшін, нарықтан 900 пәтер сатып алу жоспарланған.
Бұл жөнінде қалалық құрылыс басқармасының басшысы М.Баимбетов өзінің «Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысының дамуы туралы» баспасөз-брифингінде айтқан болатын.