«Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жыл басынан бері ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің рейтингін жасады деп хабарлайды Шымкент қалалық Ақпараттық коммуникациялар қызметі.
Нәтижесінде, үшінші мегаполисте жыл басынан бері халық арасында ең көп сұранысқа ие қызметтің бірі – автокөлікті қайта тіркеу қызметі екені анықталған.
Алдын ала есептеулер бойынша шымкенттіктер үш ай ішінде 59 мың көлікті қайта тіркеген.
Ал екінші орында – электронды цифрлық қолтаңба беру қызметі. Жыл басынан Шымкент ХҚО-ларында 44 мыңнан астам ЭЦҚ берілген.
Ал, үшінші орынға жеке куәлік пен паспорт беру қызметі жайғасты. Аталған құжаттарды 42 мыңнан астам азамат рәсімдеген.
Жүргізуші куәлігін алуға немесе ауыстыруға деген ұмтылыс біздің рейтингімізде төртінші орында тұр. Шымкент қаласы мамандандырылған ХҚО-ларына бұл қызметке 37 мың адам жүгінген.
Соңғы бесінші орында жылжымайтын мүлік иелері: жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу қызметі үшін 18 мыңға жуық адам жүгінген.
Осы ретте, «Азаматтарға арналған үкімет» МК Шымкент қаласы бойынша филиалының алдын ала мәліметтері бойынша ХҚО арқылы жыл басынан бері 300 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілгенін атап өткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік қызметтерді мереке және демалыс күндері «ХҚКО» қосымшасы, egovkzbot2.0 телеграм-боты, Egovmobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ, Kaspi және Halyk Homebank банктік қосымшалары арқылы онлайн алуға мүмкіндік бар.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы дайын құжаттарды жеткізу бойынша жаңа қызметтің Шымкентте іске қосылғанын хабарлаған болатын.
Яғни тұрғындар онлайн рәсімдеген дайын құжатты алу үшін ХҚО-ға қайта келудің қажеті жоқ. Корпорация «Яндекс жеткізу» жүйесімен бірлесіп, құжат жеткізудің неғұрлым жылдам әрі ыңғайлы, баламалы тәсілін іске қосқан болатын.
Ол үшін клиент құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырғаннан кейін оған веб-сілтемесі бар SMS-хабарлама жолданады, сол жерде өтінімді толтырып, мәліметтерді енгізіп және жеткізу ақысын сол сілтеме арқылы төлейді.
Алайда бұл ақылы қызмет екенін назарларыңызға саламыз, яғни, құны көрсетілген мекенжайдың орналасқан жеріне, жолдағы кептелістерге, жол жүктемесіне байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Жеткізу уақыты – 15 минуттан 2 сағатқа дейін.