Қала әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданындағы 189 орам тұрғындарымен кездесті деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспсөз қызметі. Бұған дейін қала әкімінің азаматтарды бірыңғай қабылдауына келген №189 орамдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары коммуналдық мәселелерге қатысты талап-тілектерін жеткізіп, әкімге тұрғындармен кездесуді сұраған болатын.
Тұрғындардың талабы бойынша арнайы келген қала басшысы орамдағы жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлердегі ауыз су, газ, электр қуатының үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді сұраған өтініші ескеріліп, шұғыл түрде ақауларға зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Қала басшысы халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамту мақсатында атқарылған жұмыстарды тексерді.
Бүгінгі таңда жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл үйлерде ауыз су, жылы су, электр энергиясы тұрақты берілуде. Сондай-ақ «ҚазТрансГаз» АҚ-ы тарапынан табиғи газды қосу үшін абоненттердің жеке есеп шоттарын ашу жұмыстары жүргізілуде.
“Пәтерлерге газ беру мәселесін бір апта көлемінде шешіңіздер. Сондай-ақ тез арада мүгедектігі бар азаматтардың үйлерге кіріп-шығуына ыңғайлы болуы үшін пандустарды және құрылыстағы кейбір кемшіліктерді талапқа сай қалпына келтіру қажет” – деді қала әкімі.
Айта кететін жайт былтырғы жылдан бастап қала әкімі әр айдың алғашқы сәрсенбісінде қала әкімінің тұрғындарды қабылдауында азаматтардың өтініштері тыңдалып, бірқатар мәселелер шешімін тауып келеді. Соның бір дәлелі ретінде бүгін 189 орам тұрғындары талап-тілектерін тыңдаған қала басшысына арнайы алғыстарын білдіруде.