Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Мадияр Жақсыбаев жазғы кезеңде өрттің алдын алуға бағытталған іс-шаралар туралы баспасөз брифинг өткізді.
Шаһарда болуы мүмкін орман және дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында жалпы 42 ерікті өрт сөндіру тобы құрылған. ТЖ департаментінде 13 бірлік техника және 84 адам жеке құрамы дайындықты.
– Биыл сәуір және мамыр айларында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары (53 шақырым), жергілікті автомобиль жолдарының бойында (320,2 шақырым), орман қоры жерлерінде (300 шақырым) және егістік алқаптарында (402,1 шақырым) өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілді. Жалпы 1075,3 шақырым минералды жолақ құрылды. Орман қорын қорғау мақсатында «Жасыл белдеу» және «Бадам» орман шаруашылықтың балансында жалпы 22 бірлік бейімделген техника және 186 өрт сөндіру құралдары мен 14 бірлік мотопомпа бар. Қала аумағында орман және дала өрттерінің туындау және оларды жою іс шаралар жоспарына сәйкес, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді, – деді департамент басшысы.
Мадияр Есенгелдіұлының айтуынша, өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру бағытында күнделікті мониторинг, профилактикалық, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Орман және шаруа қожалықтарының қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр.
Қала аумағында жыл басынан бері 62 өрт тіркелген. Өрттердің 79 пайызы тұрғын үй секторы (28 өрт) мен көлік өрттеріне (21 өрт) тиесілі. Өрттің салдарынан жарақат алғандар жоқ, өкініштісі 8 адам қаза болған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, тұрғын үйдегі өрттер негізінен балаларды қараусыз қалдыру жағдайлары себебінен туындауда.
Департамент басшысы қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігін, сондай-ақ, жазғы шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
«Шымкент келбеті»