Бүгінде А-2 айналма жолының 8-кезеңі бойынша асфальт төселуде. Бұл жұмыстар Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды жолдың Бәйдібек би даңғылынан Шымсити шағын ауданына дейінгі аралықта жүргізіледі. Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 1,8 шақырым, 6 жолақты аралыққа асфальт төселеді. Осыған дейін инженерлік желілердің орны ауыстырылып, жол негіздері салынып, суағар құбырлары тартылды.
Жоспарға сәйкес, нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Шымкентте Ташкент-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жаңарту жұмыстары 8 кезең бойынша атқарылады деп хабарлаған болатын Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі . Құрылыстың ұзындығы — 31 шақырым. Қазіргі таңда 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталған болатын.
Бірнше күн бұрын қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге Ынтымақ шағынауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты құрайтын нысанның 2-ші кезеңінің құрылыс барысын қадағалаған болатын.
Қаладағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы өткен жылы 67,4 пайызды құрады. Ал биыл осы көрсеткішті 71,2 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оған қоса осы жылы жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын 9 нысан ел игілігіне тапсырылады. Нақты айтсақ, олар – Қонаев даңғылы жалғасы салудың 3-кезеңі, А-2 айналма жолын қайта құрудың 2-кезеңі және осы жол құрылысының 4-кезеңі, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайырық құрылысының 1-кезегі, Өтегенов көшесін жалғастыру құрылысының 1 және 2-кезегі, Адырбеков көшесін қайта құру, шығыс айналма жолы құрылысының 1-кезегі, Темірлан тасжолының бойында жолаушылар өткелін салу және Бәйдібек би даңғылының бойындағы жолдың құрылысы, – деген болатын Мұхтар Сәтіллаұлы.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі