Биыл мегаполисте мемлекеттік бюджет есебінен 4090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарлануда. Оның ішінде Тұран шағын ауданында ағымдағы жылы 1112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге аталған шағын аудандағы құрылыс барысын қадағалады.
Жыл басынан бері Тұрандағы 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы тапсырылды. Жоспар бойынша қалған 8 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар мұндағы 26, 25, 29, орамдардың және №3390 жер телімінің инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін бұл нысандар пайдалануға тапсырылатын болады.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға жұмыс қарқынын күшейтіп, сапаны бақылауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс мәдениетін сақтай отырып, тұрғындардың қолайлы жағдайын назарда ұстауды ескертті.
Шымкентте халық санының өсуі және қала аумағының кеңеюіне байланысты 2022 жылдың 7 шілдесінен бастап жаңадан Тұран ауданы құрылған болатын. Жаңа аудан қаланың батыс бөлігінде орналасқан, жалпы жер көлемі мегаполис аумағының 32%-ын, яғни 36,3 мың га құрайды. Оның ішінде 12 673,3 га жайылымдық жер болса, аудан 9 секторға бөлінген.
Қаланың солтүстік-батыс жағынан Жаңаталап шағынауданынан Үргінбай ата мен Жанкелді батыр көшелерінің қиылысынан басталады. Одан әрі Жанкелді көшесінің бойымен Бадам өзенінің арнасынан оңтүстік-шығыс бағытта Жаңаталап тұрғын алабын, «Игілік» тұрғын алабын, солтүстікке қарай Қорғасын-2 шағынауданын айналып өтіп, Шардара көшесінің қиылысына жетеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі