Бүгінде қалада 9 білім ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақшаның және колледж бен 2 арнайы мектеп- интернатының ғимараты жөндеуден өтеді. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысын қадағалады.
4-шағынаудандағы №78 орта мектеп ғимараты 2004 жылы салынған. Жобалық қуаттылығы 465 орындық білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде 60 пайызға орындалған. Өндірістік кестеге сай ғимарат тамыз айының ортасында пайдалануға беріледі.
Білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша 3 қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялық желілері ауыстырылады.
Қаладағы В.Терешкова атындағы №93 жалпы білім беретін мектептің ғимараты да замана талабына сай жабдықталуда. Жаңаталап шағынауданындағы мектептің бірінші корпусы 1951 жылы салынған. Аумақта оқушы саны артқандықтан, соңғы жылдары мектеп кеңейтіліп, қайта жасақталған. Мұнда да инженерлік жүйелер толық жаңалануда. Жоба бойынша қосымша спорт алаңшасы салынып, көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Аталған нысандарды аралап көрген М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, ең алдымен сапаны бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ өндірістік кестеге сай күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, білім ошақтарын жаңа оқу жылына сақадай сай етіп жасақтауды ескертті.
Еске сала кетейік, 2025 жылға дейін жалпы 68 675 орындық 54 мектеп салынады деп жоспарлануда. Оның ішінде, 2023 жылы 18 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымда оқытатын 3 мектеп мәселесі 2023 жылдың 1 қыркүйегіне толығымен шешіледі.
Бала саны тығыз орналасқан 11 тұрғын алаб үшін 21 мектеп, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 25 мектеп, қосымша құрылыстар есебінен 29 мектеп, жеке инвесторлар есебінен 26 мектеп.
Нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал ыңғайластырылған ғимарат, жаңадан ашылған шағын аудандардың мектеп мәселесі және сынып толымдылығы жоғары (дефицит) мектептер мәселесін 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған деп Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлімдеме жасаған болатын.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі